Аудан орталығында Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мәдениет қызметкерлері арасында волейболдан аудандық ашық турнир өтті.
Өнер саласында жүрген әуесқой волейболшылар жарысына Орал қаласы мен алыс-жақын аудандардан келген жеті команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Спортты жанына серік еткен мәдениет қызметкерлерінің сайысы тартысты өрбіді. Волейбол алаңында барын салған мәдениет қызметкерлері спорттан алыс емес екендіктерін дәлелдеді.
Қорытындысында Бәйтерек ауданының командасы үшінші, Казталов ауданы командасы екінші орын иеленсе, теректіліктер бірінші орынды қанжығалады.
Сондай-ақ ойындар барысында командасын алға сүйреген Анарбек Сатыбалдиев "Үздік қорғаушы", Екатерина Рощупкина "Үздік байланыстырушы", Тимур Нығметов "Үздік шабуылшы" атанса, Жеңіс Қайыров турнирдің "Үздік ойыншысы" аталымын жеңіп алды.
Сайыстар соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz