Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Ақжайық ауданына барды. Өңір басшысы ауданда іске асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жұртшылықпен жүздесті.
Алдымен ол «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының тапсырысымен Тайпақ ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. 160 орынға арналған кешеннің құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Жоба мердігерлерінің айтуынша, қазір жұмыс ауқымының 70 пайызы орындалған, осы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек. Кешеннің бірінші қабатында спорт, тренажер залы орналасса, екінші қабатында күрес залы, жаттықтырушылар бөлмесі, т.б. болуы көзделген.
Н.Төреғалиев аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовқа нысанды уақтылы және сапалы тапсырылуын қадағалау қажеттігін қаперледі. Сонымен қатар ол кешеннің құрылыс жоспарында қарастырылмай қалған қоршауды аудандық бюджет есебінен салуды тапсырды.
Осыдан соң ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ісін бастаған жүн өнімдерін шығаратын цехқа барды. Облыстық іскер әйелдер кеңесінің қолдауына ие болған цехтың жұмысы қазір қарқын алған. Жұмыссыздардың қатарынан 7 әйел адам қызметке кіріскен шағын өндіріс орны шығаратын аяқ киім, сөмке, өзге де өнімдер Орал, Атырау қалаларында саудалануда.
– Біздің экономикамыз алға жылжуы үшін осындай нысандар керек-ақ. Біріншіден, жұмыс көзі; екіншіден бұрын шашылып жататын жүн пайдаға асып жатыр, үшіншіден, отандық таза табиғи өнім өндіріледі. Цехтағы кей жұмыстар қолмен атқарылады екен. Арнайы жабдықтармен қолдауға біз дайынбыз. Сонымен қатар сауда аясын да кеңейту жағынан да көмектесеміз, - деді облыс әкімі.
Сапар барысында Нариман Төреғалиұлы Тайпақ ауылының 93 жасар тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Сәлима Әбуованың шаңырағына соғып, сый-құрметін көрсетті.
Аудан көлемінде атқарылып жатқан оң істер, жүзеге асып жатқан жағымды жаңалықтар жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Тайпақ ауылдық округінде де көз қуантарлық шаруалар бар. Бұл ретте кейінгілерге қажетті кеңесін беретін, ауыл-елді ұйыстыратын үлкендеріміздің орны бөлек екенін облыс басшысы ауыл ардагерлерімен болған әңгімелесуде айтты. Еңбек ардагерлері Боранбай Қыдырғожин, Болат Дошаев, тағы басқалар ауылдың игілігіне атқарылған қам-қарекет үшін зор алғыстарын айтты, ортақ шаруаға байланысты өздерінің толғам, пайымдарын жеткізді.
Мысалы, Б.Қыдырғожин: «Тайпақ – іргелі елді мекен. Шүкір, біздің тілегімізді ескеріп, аудандық соттың жабылуына жол бермедіңіз. Осыған дейін есігі құлыптаулы тұрған халыққа қызмет көрсету орталығы күні ертең қайта ашылатынын естіп, қуанып жатырмыз. Ауруханамызды да аудандық деңгейде қайта құрамын деп жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жүр. Осының бәрін ел көріп, ризашылығын ақтарып жатыр. Енді ауылішілік жолдардың жөнделуін де қаперге алсаңыз», - деді.
Облыс басшысы алдағы уақытта ауылдағы әлеуметтік нысандар орналасқан басты көшелердің 3 шақырым жолы жөнделетінін айтып, өзге де оңды жаңалықтарды тілге тиек етті.
– Ауылды өркендету – ортақ міндет, ортақ парыз. Ортақ, себебі туған мекеніңіздің әлеуетін көтеру өз қолдарыңызда. Газ бен су келіп тұр, әлеуметтік нысандар жаңғырды, жолды жеткіземіз. Бүгінде біз тұрғын үйлерді аудан орталығына емес, үлкен ауылдарға салуға көңіл бөліп жатырмыз. Сонда кезінде жұмыс, жақсы жағдай іздеп, қалаға бағыт алған көш кері ауылға қайтады. Сіздерден керегі – ерінбей еңбек ету, сол арқылы табысты арттыру, жұмыс көзін ашу, қажет өніммен өзімізді өзіміз қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу. Ауыл экономиканың қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау да зор. Айталық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысымызға көлемді қаражат бөлінді. Сол арқылы бизнеске бейім азаматтардың несие алып, кәсіп бастауына болады. Аудан, округ әкімдері кәсіпкерлікке қадам жасаған әр тұрғынды жетектеп, қолдау көрсетуге міндетті, - деді облыс басшысы.
Сәуірдің ортасында осы ауылдағы ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компания «ГрадСтройСервис» қазір 5 жұмысшысымен ғимаратты бөлшектеу, кәріз құбырларын жаңартуға кіріскен. Десе де, бұл компания өңірде бастаған бірнеше нысандарын аяқсыз қалдырып, жауапсыз мекеме ретінде танылды.
– Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңіп алу бір бөлек, жұмысты сапалы, нәтижелі аяқтап, тапсыру – екінші әңгіме. Осыдан екі-үш жыл бұрын алған нысандар тұр мойындарыңда. Сенімнен әбден шықтыңдар. Ол нысандардың бәрі менің тікелей қадағалауымда. Осы аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары қарашада аяқталуы керек екен. Бір күн кешіктірмей, тапсырыңдар, - деген Нариман Төреғалиұлы аудан әкіміне апта сайын жұмыс барысын бақылауды тапсырды.
Ол сонымен қатар авторлық және техникалық бақылау жүргізетін мекемелерге жауапкершілікті күшейту керектігін қаперледі.
«Мердігермен ауыз жаласуды қойыңдар. Егер жұмыста қандай да бір олқылықтар орын алса, жауабын сіздерден сұраймын», - деді ол.
Сапар барысында облыс әкімі Атамекен ауылында құрылысы басталған мектеп ғимаратында болып, жұмыстарды бағамдады. 103 орындық шағын жинақты мектепті мердігерлер жаңа оқу жылына тапсыруға уәде беріп отыр.
Сонымен қатар Н.Төреғалиев Ақсуат ауылының 2,3 шақырымдық кірме жолын жөндеуге кіріскен «Орда жолдары» ЖШС өкілдерімен кездесті.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz