Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапармен Зеленов ауданында болып, ондағы бірқатар шаруа қожалықтарының жұмыс барысымен танысты.
Зеленов ауданында 2018 жылы жалпы егіс көлемі 231,4 мың га жерді құрады. Әртараптандыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының егіс көлемі 235,9 мың. га гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақылдар 143,9 мың га, майлы дақылдар 31,7 мың. га, мал азығы дақылы 56,9 мың. га, картоп, көкөніс, бақша өнімдері 3,4 мың. Га жетіп отыр.
Қазіргі таңда орақ түскен 52157 гектардан 62884 тонна дәнді дақыл жиналды. Гектарға шаққанда, күздік бидайдың өнімділігі 14,7 центнер болса, шабылып жатқан жаздық бидайдық өнімділігі гектарынан 7,4 центнерді құрап отыр.
Бүгінгі күнге жоғарыда айтылған шаруашылықтардың ішінде жұмысы қызу жүріп жатқаны – Железнов ауылдық округіндегі «Авангард» ЖШС. Серіктестіктің иелігінде 21 052 гектар егіс алқабы бар. Оның 5712 гектары күздік, 3816 гектары жаздық бидай, 1458 гектары арпа, 222 гектары бұршақ, 414 гектары судан шөптері, өзгесі күнбағыс.
Шаруашылық бүгінгі таңда 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысатын серіктестік 2018 жылы мемлекеттен 55 млн. теңге демеуқаржы алды.
Аталмыш шаруашылықтың егіс алқабында болған өңір басшысына жұмыс барысы туралы баяндаған «Авангард» ЖШС директоры Сергей Ихсанов:
- Ауданда жылда егінге орақты бірінші болып біз саламыз. Биыл да дәстүрден жаңылмай, орақты бастап кеттік. Өнім көлемі жаман емес. Өткен жылы күздік бидайдың өнімділігі жақсы болды. Оның алдыңғы жылдары да жаман болмады. Биыл аздаған қиындықтар болғанымен жұмыс жасауға болады.
Алдағы уақытта күздік бидайды егуге кіріспекшіміз. Егіс көлемін жылдағыдан 30 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Биыл майлы дақылдардан жылдағыдан мол өнім жинаймыз деген үміт бар. Өнімді жиым-терім жұмысы аяқталысымен Теректі ауданындағы Белес май зауытына тапсырамыз деп жоспарлап қойдық. Биыл 3600 гектарға майлы дақылдар ексек, алдағы уақытта өнім көлемін 8000 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз» - деді.
- Ауданда өндірілетін майлы дақылдар мен күздік бидай көлемін арттыру қажет. Өңірімізде өзіміздің май зауытымыз да бар. Алынған өнімді өткізер орын іздеп сабылмайсыз. Сұраныс та, егіс те бар. Сондықтан мүмкіндікті жіберуге болмайды.
Қазіргі таңда мал азығын толығымен өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл да үлкен жетістік. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдануды қолға алу керек. Ол үшін мемлекет барлық жағдай туғызып отыр. Майлы дақыл мен күздік бидайдың егіс көлемін кеңейтіп, одан жақсы өнім алуға өңіріміздің ауа райы да қолайлы, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген халқымыздың даналығын жете түсінген зеленовтықтар жердің жомарттығын мүмкіндігінше пайдаланып келеді.
Елінің жерін игілікке жаратып отырған шаруалардың бірі Михаил Марченконың да қожалығы туралы егжей-тегжейлі сұрап білген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы қожалық иесінің еңбегіне жеміс тіледі.
Сондай-ақ мал шаруашылығы жайын білген өңір басшысы ата кәсіпті өңірімізде кең етек жайғанына да тоқталды.
- Қазір таңда өңіріміз өзімізге қажетті мал азығын толығымен өтей алады. Былтыр елімізден экспортқа шығарылған еттің тең жартысы облысымыздан кетті. Сұраныс әлі де бар. Қытай мен Ресейге ет шығаруға болады. Одан қалса, зауыттарымыз бар. Иран мен Тәжікстан, Ауғанстанға дейін етті экспорттауға мүмкіндік бар. Жыл сайын жаңа нарық ашылып жатыр, - деді облыс басшысы А.Көлгінов.
Бұдан бөлек суарылмалы жер көлемін арттыру керектігін айтқан облыс әкімі:
- Өңірде иригацияны қалпына келтіру жұмыстары қарқын алып келеді. 180 шақырымдық Киров-Шежін каналы жөнделу үстінде. Ол жұмыстар күзде толығымен аяқталады. Әбділман-Соркөл каналы Жәнібекте, Қособа Жымпитыда жасалды. Шолақаңқаты, Теректіде Жайықтан 40 шақырым жерге дейін су соратын құрылғы орнатылды. Жаңақаладағы қақпалар қалпына келтірілуде. Зеленов ауданы Переметный ауылы маңындағы дамбаны жасадық. Жоспарлаушылар қателесіп, су жырып кеткенімен, осы күні ауыл маңы суға толып тұр. Тұрғындар пайдасын көріп отыр, - деп істен шыққан иригациялық құрылымдарды қалпына келтіру ісін қолға алуды тапсырды.
Түгелбай БИСЕН
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz