18.04.2017, 13:01
Оқылды: 43

Өңіраралық қатынас құндылықтарды түлетуге бастайды

 

Жұбан елі – Ақжайық ауданы өкілдері Атырау облысындағы көршілес Индерге сапарлап қайтты.


Ақжайық әкімі Әділ Жоламанов бастаған делегация сапарының халық композиторы Баламайсаң Дауылұлы мен оның ізбасарлары хақында «Дүниеғапыл» атты кітаптың таныстырылымымен басталды. Аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлиннің құрастыруымен жарық көрген басылымда ХVIII ғ. аяғы ХІХ ғ. І жартысында өмір сүрген халық күйшісінің мұрасы жайында жан-жақты баяндалған.

Сондай-ақ ел шежіресіне жанашыр азаматтардың бастамасымен соңғы кезде баспадан шыққан: мал шаруашылығындағы ерлігі республикаға ән болып тараған Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаева туралы «Маржан қыз», Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев туралы «Батыр Боран», бардтық өнерді өрге шығарған әйгілі Табылды Досымовтың шығармашылығынан «Мойындату» (жарияланбаған жазбалар)» атты кітаптар өткенімізді, бүгінімізді, келешегімізді ұтымды сабақтастыру аудандағы басты бір назарда екенін әйгілейді.

Қос ауданның қайсыбір саласында да әрине, бір-бірінен үйренетін, тәжірибе алмасатын игі өзгерістер аз емес. Ақжайық аудандағы шәкірттері халықаралық байқауларда дараланып жүрген қосымша білім мекемелерінің, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылындағы қосымша білім беру педагогы Жәнібек Әбілпейісов жасақтаған мұражайдың жұмысы алысқа мәлім. Индерліктер сондай-ақ бейнефильмнен Ақжайық ауданында ауыл шаруашылық саласындағы қарымды қадамдар туралы кеңінен білді.

Делегация құрамындағы маңдайалды шаруалар Зайдөк Өтеғалиев, Нұрлан Жұмашев және Салтанат Масалимовпен пікірлесулер де асыл түлік өсірудің, бақша шаруашылығын дамытудың мәселелерін қамтыды.

Ақжайықтықтар өз кезегінде индерлік кәсіп иелерімен жүздесті, бірсыпыра нысанды аралады. Мұнайлы өңірдің 7 ауылдық округі, 14 елдімекені бар бұл аудандағы егіншілікке қатысты міндет-межелер де әңгіме болды. Кәріз суларын тазарту стансасы құрылысымен, Дендер тұзды көлімен, оны игеруге байланысты жоспарлармен танысудан соң сапар ұлы даланың қастерлі Қараойында жалғасты. Жергілікті оқушылардың көрініс қойып, батыр жырларын оқығаны да айрықша әсер әкеліп, көпшілікті тебірентті.

Делегация Малайсары би мазарында да болып, кезінде Сырым батырға ақыл-кеңесімен, халқына жөн-жоба меңзеуімен атағы шыққан асыл жанның рухына тәу етті.

Индер аудандық Мәдениет үйінде өткен ақжайықтықтардың «Жұбан елі – жарасымның мекені» атты концертін тамашалаған зал көл-көсір ықыласпен қол соқты.

Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасты күшейту жөнінде меморандумға қол қойылып, ақжайықтықтар көршілерді өздеріне шақырған бұл күнгі шаралар алға басуға деген сенімді, серпілісті жарқыратып көрсетіп берді.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале