Бәйтерек ауданының «Шың» сазды драма театрының әртістері "Тегімді менің сұрама" қойылымын оралдық көрермендерге тарту етті.
Облыс орталығындағы «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрында болған қойылымды тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды. Бәйтерек ауданының 85 және аталмыш театрдың 5 жылғы аясында сахналанған моноспектакль жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Жасанды ұрықтандырудың қаупі туралы ой қозғайтын қойылымнан әсер алмаған жан болған жоқ. Бұл туралы спектальден соң сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев та айтып өтіп, аудандардың ішінде бәсі биік театрлардың бірі болып табылатын «Шыңға» сәттілік тілеп, Орал қаласы әкімінің атынан алғыс хат пен ықылас гүлін табыстады.
- Бүгінгі "Тегімді менің сұрама" атты қойылым жүректі тебірентер қойылымдардың бірі болды десем артық айтқандық емес. Қоғам мен заманның мұңды шерін ұштастыра отырып жазған драмтургке, оны қойған режиссер мен ойнаған актерлерге айтар алғысым шексіз. Спектакльді көре отырып күлдік те, жыладық та, актерлармен бірге мұңайдық. Бұл дегеніміз актерлік құрамның деңгейі биік екенін көрсетеді,- дейді Орал қаласының тұрғыны, ардагер педогог Нәбия Қабылова.
М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенті Аружан Сәлімова қойылымдағы үш актер жұртшылықтың эмоциясына әсер беретіндей ойнай алды деп ойлайтынын жеткізді. «Біз мұндай қиын жағдайға тап болмасақ та, соны ойнау арқылы сезіндік, - дейді ол. - Көзімізден жастың қалай тамғанын байқамай қалдық. Сол үшінде режиссерге, актерлік құрамға да ризамыз. Өткен айдың соңында бұл спектальдің премьерасын көруге Переметный ауылына арнайы барған едім. Сол тұсаукесерде алған әсерімді бүгін де бастан кештім».
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы