8.04.2022, 12:15
Оқылды: 674

Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ басшысы Ақылбек Әлсейітов: «Орман деген хан Жәңгірден қалған жақұт қой»

IMG-20220406-WA0010

Тамыры терең мекеме

Бұдан мыңдаған жылдар бұрын Орда жерінің 30%-ын орман-тоғай алып жатты деген мағлұмат бар. Мал шаруашылығымен күндерін көрген алғашқы қоныстанушылар орман алқабын отап, мал жайылымына пайдаланған. Шүйгін шөптің сұйылып, орманды алқаптың күйреуі құм көшкініне жол ашып, экологиялық апатқа әкеп соқтырар еді. Хан Жәңгір көрегенділік жасап, орман алқаптарын сақтап қалудың алдын алу шараларын дер кезінде қолға алған-ды. Патша ағзамға хат жазып, орман алқапының аумағын кеңейтуге қолдау көрсетуін сұраған. 1832 жылы Ордадан арнайы адам жіберіп, Саратов уезінен ағаш көшеттерін алғызған екен. Қарағай егіп, құм көшкінінің алдын алған. Хан Жәңгір дүние салғаннан кейін Орданың орманы да жетім баланың күйін кешкен. Орда аумағын құм басып, ауылды басқа жаққа көшіру мәселесі де көтеріледі. 1876 жылы орман алқаптарының қорғау, көлемін еселеу мәселесі көтеріледі. Көтерілуін көтерілгенімен шын мәнісінде сөз жүзінде қалып, іске аспайды. 1888 жылы ғана орман мәселесі күн тәртібіне қойылып, нақты іс-шаралар қолға алына бастады. Астрахан губерниялық орман қорғау комитеті Бөкей ордасындағы Нарын құмындағы жалпы көлемі 120 мың десятина жерді алып жатқан орман алқабын мемлекет тарапынан қорғау алады. Араға екі жыл салып, Нарын орман шаруашылығы құрылады. М.Турецкий, Я.Лысов сияқты кәсіби орманшылар қызметке алынып, жергілікті жердің климаты зерттеліп, ағаш түрлері молайып, түбегейлі жаңарту шаралары қолға алынады. 1910 жылы Орда ормандары он секторға бөлініп, ағаш түрлері молынан егілді. Ұзақ жылғы тәжірибе негізінде Нарын қарағайы деген жаңа түр өсіріліп шығарылды. Бұл қарағайдың ерекшелігі сол, өмірге қажетті оттегі мен өкпе ауруына бірден-бір ем болатын фитонцид атты иісті элементті көп бөледі екен. Араға екі жыл салып, Орда орманшылар мектебі ашылды. Аталмыш мекеменің тарихы қалың қатпарлы. Орман шаруашылығының басшылығында болған Жұман Қараурушев пен Қ.Мырзағалиевтер «халық жауы» ретінде танылып, итжеккенге айдалады.

Кеңес үкіметі тұсында, нақтырақ айтсақ, 1950-1970 жылдары Орда орман шаруашылығының жұмысы жанданып, түбейгейлі өзгерістер орын алған. Жұмыстың ғылыми жүйелігі мен қарқынды болғаны соншалықты Ресей ғылым академиясының академигі А.Гаель бар саналы ғұмырын осы Орда орманында өткізген. Орда орман шаруашылығы мекемесі тек ағашпен ғана болып қана қоймай, жабайы жануарлар дүниесіне де назар қойған. Нәтижесінде қызыл қасқыр, қамыс мысығы мен елік сынды жабайы аңдар жерсіндірілді.

Тұқымбақтар іске қосылып, ағаш түрі көбейіп келеді

Хан Жәңгірден қалған жауһардай қымбат орман шаруашылығы мекемесінің тірлігімен танысып, алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспарын да білген едік.

Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдык мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақылбек Әлсейітов орман алқабының жалпы көлемі 16405 га, сонын ішінде 5027 гектарының орманмен қамтылғанын айтады.

­- Орман алқабының аумағын қорғап, ағаш қорын молайту ­– біздің де басты мақсатымыз. Тек өткен жылдың көктемі мен күзінде 47 га жерде орман екпелерін толықтыру  жұмыстары  жүргізілді, күзде мемлекеттік  орман қоры  жерлеріне  қазан-қараша айларында 130 га орман егу жұмыстары орындалды.

Бұл жұмыс алдын ала жоспарланып, іс-шаралар жоспары жасақталады. Орман екпелерінің жерсіну пайызын көтеру мақсатында стандартқа сай ағаш көшеттерін өсіру үшін уақытша тұқымбағының топырағы тозғандықтан жаңа орыннан тұқымбақ орналастырылып, 2019 жылы күзде топырақ дайындау жұмыстары жүргізілген. 2020 жылы жаңа тұқымбақ іске қосылып, көктемде  және күзде  орман  тұқымбағында  әртүрлі ағаштар дәндері егілді. Тамарикс, мақтаншақ терек пен жылауық, бальзам теректері сияқты ағаштан 57,7 мың ағаш қалемшелері дайындалып, тамырлануға егілді.

IMG-20220406-WA0014

 

Өткен жылы 100 кг сексеуіл, 15 кг қараағаш, 25 кг жүзгін, 150 кг жиде  дәндері жиналып үлгілері Қостанай орман дәнін зерттеу станциясына жіберілді. Барлық дәндер сапасы 1 класс көрсетілді. 2021 жылға 1508 кг жүзгін дәнін 10 га жерге себу жұмысы жүргізілді.

Күзгі түгендеу бойынша жаңа және уақытша тұқымбақтарда  қарапайым қарағай, қарапайым шырша, емен, қараағаш, мақтаншақ терек, жылауық, шеңгіл мен өрік, жиде, сексеуіл мен жыңғылдан 173,5 мың ағаш  көшеттері өсті, – дейді бас орманшымыз Ақылбек Әлсейітов.

­- Хан Жәңгірден қалған жақұттай қымбат орманды қорғау, аман сақтауда өрт қауіпсіздігі басты назарда. Өрт қауіпсіздігі мерзімі басталған кезде аудандық төтенше жағдайлар комитеті, аудандық ішкі істер бөлімі, №17 өрт сөндіру бөлімі, №29 өрт сөндіру бөлімі қызметімен бірлесе отырып өртке қарсы күрес жоспарын құрып, жедел өрт сөндіру жұмысын жүзеге асырды. Өрт қауіпсіздігі мерзімі ішінде өрт шыққан жағдайда 10 жеке шаруа қожалықтары техникамен және қол күшімен көмек беру мақсатында келісімшартқа отырдық. Мекемеде болжам карталары әзірленіп орман алқабында өрт шығу мүмкіндіктері бағаланады. Ерікті өрт сөндіру жасағы құрылып, оған 24 адам, 1 МТЗ-82 трактор бұлығымен бекітілді, орман өрт станция жанынан жасақ құрылды, оған сәуір-қазан айларына келісімшарт бойынша 8 сарбаз, 2 автокөлік жүргізуші қызмет атқарады. Биылғы жылдан бастап ОӨС сарбаздары жыл 12 ай жұмыс істейтін болды. Өрт қаупі кезеніңде орман алқабына автокөлік басқа да техникалар кіруге тыйым салынды. Орманға демалушылар әдейі рұқсат  құжаттарымен кіріп, қатаң қадағалауға алынды.

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және жер эрозиясын болдырмай,  жайылым мен шабындықтарды мақсатқа сай пайдалану үшін орман шаруашылығына іргелес жеке қожалықтарға ескертпе  беріліп, табиғатты қорғау және орман өртінің алдын алу туралы парақшалар таратылды. Өрт қауіпсіздігі  мерзімі ішінде  тәуліктік  кезекшілік ұйымдастырылды. Алла қолдап, 2021 жылы орман қоры жерінде өрт жағдайы орын алған жоқ, - дейді Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдык мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақылбек Әлсейітов.

IMG-20220406-WA0013

Есепті жыл ішінде орман күзетшілері 136 рейд, оның ішінде 117 рейд ерекше қорғалатын табиғи аумағында өткізіліп 12 орман заңнамаларын бұзушылық хаттамасын толтырған. Орманды тұрмыстық қалдықтармен ластағаны үшін әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 372-бабы 2,4-тармақтарына сәйкес 7 хаттама толтырылып, 102095 теңге айыппұл, 17356,15 теңге орман шаруашылығына келтірілген залалы өндірілді. Ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 367-бабы 1-тармағына сәйкес 2 хаттама толтырылып, 29170 теңге айыппұл  салынып, өндірілді. Арнаулы белгілерді жойғаны үшін әкімшілік құқық бұзу туралы Кодексінің 138 бабына сәйкес 3 хаттама толтырылып, 29170 теңге айыппұл  салынып, өндірілді. Барлық салынған айыппұлдар және өз еріктерімен төленіп, жергілікті бюджетке 204125, 204110 кодтарына аударылды.

Орман алқабының жағдайын жақсарту мақсатында 80 м3/ 7,9 га көлемінде орманды ликвидтік қалдықтардан тазалау жұмыстары атқарылды. Орман алқабын уақытында орман зиянкестерінен қорғау мақсатында зиянкестерін аңықтау үшін 2000 гектарда орман патологиялық зерттеу жүргізіліп, 570 түп анықтау көлемдері орнатылды.

Жабайы аңдармен құстарды сырттай бақылап есепке алынып отырады. Жабайы аңдармен құстардың санының күрт өзгеруі байқалған жоқ. Мемлекеттік орман қоры жерлерінен тыс Орда ауылдық округі жерлерінде киіктер көшкіндері байқалды. Жауынның аз мөлшерде болуына байланысты шағын көлшіктер тартылып сортаңға айналып, көл құстары болған жоқ. Жабайы аңдармен құстардың қыс мезгілін жақсы жағдайда өткізу мақсатында, биотехникалық шараларға  123,0 мың теңге шығын шықты. Үнемі жүрілетін жолдарға  табиғатты қорғау, өрт қаупі ережелерін сақтау жөнінде 30 аншлаг орнатылды.

Орда КММ-де 57 адам жұмыс істейді. 2021 жылы 87047 млн.теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде қызметкерлердің жалақысына 62189,8 млн.теңге (71%), техникалардың қосалқы бөлшектеріне  4188,7 млн.теңге, жанар-жағар май 5584,0 млн.теңге және орман күзетшілері мен орман өрт сөндіру станциясы сарбаздарына біркелкі киім алуға 1854,8 млн.теңге жұмсалды. Сонымен қатар 2021 жылы мекемеге Беларус 920 (9719,4 млн.теңге) тракторы және 4 корпусты аспалы соқа (1050,0 млн.теңге) сатып алынды. Сүректік отын қалдықтары, штакетник, көгалдандыру мен екпе материалдарын сату, қосалқы пайдалану, тал, бағана, үй қабырғаларын сатудан 6026,0 млн.теңге арнайы есепке толтырылды.

IMG-20220406-WA0015

Сонымен қатар орман шаруашылығы саласындағы жоғары көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі, сала алдына қойған міндеттерді шешуге үлкен үлес қосқан мекеме қызметкерлері, атап айтқанда, облыс әкімінің алғысхатымен мекеменің экономисті Асылхан Қабдрахимов, басқарма басшысының алғысхатымен және Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі  комитетінің Құрмет грамотасымен орман инспекторы Жүзжасар Жемісов марапатталды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен қос бірдей қызметкеріміз Жүзжасар Жемісов пен Жексенбай Қоржынбаев марапатталды. Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымының алғысхатымен Артур Ғазизов марапатталды. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық және қайта өңдеу ұйымдары жұмыскерлерінің кәсіби одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасының алғысхатымен мекеменің бірнеше қызметкерлері марапатталды.

Алдағы 2022 жылы көктемде және күзде мемлекеттік орман қоры жеріне 235 га орман егу жұмыстары және 71 га жерге орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Өрт қауіпсіздігі кезеңіне аудандық төтенше жағдайлар комитеті, аудандық ішкі істер бөлімі, №17 өрт сөндіру бөлімі, №29 өрт сөндіру бекеті қызметімен бірлескен өртке қарсы күрес жоспарлары құрылып, техникалардың жай-күйі тексеріліп, қаралып, орман өртін сөндіруші сарбаздарды  жыл бойына штаттық режимде жұмысқа алынды. Орман өртін станциясына алынған сегіз сарбазды  өртке қарсы  оқыту, пысықтау мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді.

Орманды сауықтандыру мақсатында 100 км минералдық жолақтарды күтіп-баптау мен орман алқабының жағдайын жақсарту мақсатында  2096 м3 / 26,2 га көлемінде іріктеп-санитарлық ағаш кесу, биотехникалық шаралар жүргізу  жоспарда тұр.

-Хан Жәңгірден қалған үлкен, бағасы зор, құнды мұра орманды сақтап, келер ұрпақтың пайдасына қалдыру – тек біздің бір мекеменің ғана емес, осы жергілікті халықтың ортақ парызы. Орман мен мұражайымыз ­– ауданның басты бренді. Басты байлығымызды қорғағанымыз – ауыл-аймақтың экологиялық ахуалын ойлағанымыз болмақ. Орман қорғау, ормандағы қауіпсіздік деген мәселелер немқұрайлылықты көтермейді, ­– дейді бас орманшы Ақылбек Әлсейітов.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале