Алғабас ауылдық округінде Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай дала қызықтары. Жиында округ әкімі Өркен Әменов алғы сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ауыл көркемөнерпаздары көпшілік назарына концерттік бағдарламасын ұсынып, шараның екінші жартысы ұлттық ойындармен жалғасты.
Тай жарыс, құнан жарыс, қой көтеру сайыстарын ауыл жұртшылығы қызыға тамашалады.
Құнан жарысында Хайролла Рашид мінген «Орлик» атты тұлпар даланы дүбірге бөлеп, оза шапса, тай жарысында «Ментай» мінген Ерасыл Базарбай топ жарды. Ал, қой көтеру сайысында Серік Бисалиев жеңімпаз атанып, өзі жеңген қойын ауылдың жас спортшысына сыйға тартты.
Жеңімпаздарға ер тоқым, қамшы және тағы басқа бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, елдің шарасына ауыл әкімшілігі, ауыл тұрғындары және Ибрагимовтер әулеті қаржылай демеушілік көрсетті.
Анар Нұрланқызы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz,
Суреттерді түсірген: Нұрболат Жұмағазиев