«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, көктем шыға қолдарына кетпен-күрек алып, бау-бақша егетіндердің қатары Казталов ауданында біршама артқан. Ерінбей таңнан кешке дейін жер шұқылаған жанның еңбегі еш болмайтыны анық. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев ұсынған «Менің аулам – менің бағым» жобасын аудан көлемінде жүзеге асыру бағытында біраз жұмыстар атқарылуда. Жеке тұрғындар мен мекеме ұжымдары да бұл жобадан шет қалмай, жеміс ағаштарын мен гүл егуді қолға алғалы қашан.
Иә, бұл қол-аяғы балғадай сау адамның қолынан келетін іс. Ауданымыздағы әр отбасы өз үйінің айналасын реттеп, бау-бақша ексе, жасыл желекке бөленген ауылдың көркі кірері сөзсіз. Бұл ретте Казталов ауданы орталығында орналасқан Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы нәтижелі істі ауыз толтыра айтуға болады.
Орталық Казталов ауылының шет жағында орналасқан арнаулы мекеме. Бұл жерде әр түрлі жүйке ауруына ұшыраған қамкөңіл жандар тәрбиеленіп, ем алады. Бүгінде орталықта 50 тәрбиеленуші бар. Тағдырдың қиын сынағына тап болып, ақыл-есінен айрылған жандар бейне бір сәби секілді дерсің. Ал олардың дұрыс ем қабылдап, бойындағы күш-қуатын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу орталық қызметкерлерінің басты міндеті. Әсіресе еңбек терапиясы орталықта дұрыс жолға қойылған. Орталықтың директоры Қайырбай Алтаевтың айтуынша, өзі орталыққа басшы болып келгелі тәрбиеленушілерді еңбек терапиясына тартып, бақша дақылдарын егуге тәрбиелеуде. Нәтижесі жаман емес. Бақша дақылдары төгіліп, орталық ауласы жасыл желекке боялған. Биыл орталық ауласынан тал-теректермен қатар алуан түсті гүлдер де егіліп отыр. Бұл жұмыстардың бәріне орталық қызметкері, еңбек терапиясының нұсқаушысы Әділжан Тасболатов жауапты. Жұмыстың басында жүрген Әділжан ағамызды әңгімеге тарттық.
- Былтырдан бастап тәрбиеленушілерді еңбекке баулу мақсатында орталықтың ауласынан бақша дақылдарын егуді бастадық. Тәрбиеленушілердің бұл жұмысқа деген қабілеттері артып, құлшынысы жоғары екені байқалуда. Олар аянбай тер төгіп, әр егілген дақылды күтіп баптайды, арам шөбін жұлып, су құяды. Бірақ бақша дақылдарын суаратын су тапшы болып отыр. Техникалық су болмағасын 0,5 гектар жерді ғана өңдеп, асқабақ, қарбыз, қауын, қияр, қызанақ, аскөк, пияз ектік. Бақшаның жайқалып өсуіне жауын-шашынның мол болуы да көмек болып тұр. Алдағы уақытта біздің орталыққа техникалық су тартылса деген тілегіміз бар. Техникалық су болса, бақшамен қатар жеміс теректерін егуді қолға алмақпыз. Бақшадан алынған өнімнен өзіміздің асханада салат жасап күнделікті тағамға қолданса, алдағы қысқа банка жауып аламыз. Яғни, жаздай еңбек еткен тәрбиеленушілер өздерін қысқы көкініспен қамтиды,- дейді Әділжан Тасболатов.
Кейбір тепсе темір үзетін замандастарымыздың қолынан келе бермейтін істі қолға алған қамкөңіл жандардың еңбегіне сүйсіндік. Олар күтіп баптаған бақшада теңкиген қауын-қарбыздарды көріп қызықтық. Ал орталықтың алдында қызғалдақтай сан алуан түске енген, жайқалған гүлдер көздің жауын алады. Бұл – еңбектің жемісі.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz