Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен актив отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімдігіне қарасты барлық мекеме басшылары, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйым мүшелері, дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Актив отырысында бір ғана мәселе қаралды. Отырысқа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы және ҚР Президентінің «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес ауданда біраз жыл бойы мемлекеттік қызметте болған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтың ротация тәртібімен басқа қызметке ауысуы себеп болды.
Жиында сөз алған аудан басшысы Нұрлыбек Даумов:
- Біржан Нұрланұлы осы елдің тумасы. Өскен ортасы, еңбек жолындағы өрлеу жолы да баршаңыздың көз алдында. Бүгінгі күнге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. Біржан Нұрланұлы өзінің білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты. Атап айтсақ, ауданымызда құрылыс, жол, ауыз сумен қамту мәселелерінің шешілуіне үлес қосып, ұтымды ұсыныстар енгізіп, ауданымыздың көркеюіне өз үлесін қоса білді. Кешегі төтенше жағдайда да ұйымдастырушылық шеберлігін көрсете білді, - деп өзі және аудан активі мен аудан тұрғындары атынан шынайы алғысын білдіріп, алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Лариса Қайырғалиева, Тілеген Арыстанбеков, Сүйінбек Хайроллин, Раушан Абдоллина мен Әлібек Айтқалиевтер жылы лебіздерін білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жиын соңында Біржан Меңешов әріптестері мен аудан жұртына алғысын білдірді.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz