Сырым аудандық мәдениет үйінде қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиық ақын, өзінің асқақ, заңғар, өршіл әрі сезімге, махаббатқа, іңкәрлікке толы өлеңдерімен мәңгілікке ұмтылмайтын жырларын қалдырған Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай "Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген" атты әдеби сазды кеш өтті.
Кештің басы ақынның өз дауысымен оқыған поэзияларымен ашылып, жырсүйер өнер адамдарының оқуымен ақынның поэзия әлеміне жол тартты.
Ақынның өзі жырлағандай,
"Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай.
Мынау жұртым неғып жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай"-деп өмірден ерте озса да туған күні жыл сайын ақынды еске алумен, ақын сөзіне жазылған әсерлі әндері, поэзиялары өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тартып отыратыны сөзсіз.
Шарада ақынның сөзіне жазылған "Сәби болғым келеді", " Есіңе мені алғайсың", " Үш бақытым", " Сенің көзің", " Ана сен бақыттысың", " Қарғам-ай", " Ұнатамын мен сені", " Күрең күз", "Өкпелеттің", " Мен ғашықпын" , "Бақыт" " Қайран жеңгем", "Көгершін" әндері орындалды.
Әндері елдің жадында, көрерменнің бірге қосылып айтуы осының дәлелі. Кеште Көздіғара елді мекенінен отбасылы бір топ жастар келіп қошеметтерін білдірсе, патша көңіл көрерменге бізде өз алғысымызды білдіреміз. Мәдениет үйінің Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров, Алмагүл Жұма, Мейірбек Қанатов, Ринат Шайхиев, Нұрлыбек Байнияз, Сәлімжан Әубәкіров, Наурызбай Өмірзақов, Есбол Ниетқали, Манарбек Сисенов секілді әншілерімен бірге Көздіғара ауылынан Ақтілек Пионеров, Жымпиты ауылынан Маржан Халит концертке ат салысып өнер көрсетті.
"Өмірім, сірә да,
Әріден басталған
Әріден басталып, мәңгіге тасталған
Осы мен өлмейтін шығармын
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын"- деп жырлаған ақын әлі де ғасырдан ғасырға жасай бермек.
Ақкүміс Мұрадымова,
Сырым аудандық мәдениет үйі
демалыс саябағының меңгерушісі