18.02.2021, 20:33
Оқылды: 224

Осы жұрт Аманжолды неге ұмытты?

Аудандық газеттегі шығармашылық топтың басты міндеті – оқырмандарға оқылымды материал жазып, ұсыну. Бұл жолы насихаты аз, айтылуы кем Аманжол Ғұбайдуллин туралы жазуға бел будық. Насихаты аз дейтініміз, соңғы уақытта бұл кісі туралы аудан көлемінде ешбір шара, еске алу кештері өткен жоқ. Ақылға салып қарасаң, ауданымыздан шыққан алғашқы айтыскерлердің бірі, әдебиет үшін де біраз еңбектенген, газетте қызмет жасағаны және бар. Олқылықтың орнын сәл де болса толтырайық деп алдыңғы буын қаламгер ағамыз жайлы деректерді іздеуге кірістік.

губ4

Інісі Амангелді Шахиннің кітабында «Ағамның әңгімелері» деген тақырыпшамен тауып айтқан әзіл әңгімелері баяндалған.

Аманжол Ғұбайдуллин – 1950 жылы 16 желтоқсанда Жаңақала ауданының Қамыс-Самар қойнауындағы Сарыкөл (кезіндегі Фокеев хуторы) ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Жастайынан өлеңге, жырға құмар жас бала өте зерек болып өседі. 1967 жылы Жаңақазан ауылындағы (бұрынғы атауы Новая-Казанка) С.М.Киров атындағы орта мектепті бітірген соң, ауылда еңбек жолын бастайды. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумын мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, «Бірлік», «Пятимар» асыл тұқымды мал зауыттарында мал дәрігері, бөлімше меңгерушісі бола жүріп, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіреді. Аманжол өнерпаз, спортқа бейім болып, музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді. Домбырамен нақышына келтіріп ән де айтады. 1987 жылы аудандық «Жаңарған өңір» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Газетте жүрген кезінде жақсы мақалалар жазып, әдебиет бетіне түрлі әңгімелер мен новеллаларды тұрақты түрде жазып тұрған. Аманжол ағамыз «Облыс ақыны» деген құрметті атаққа да ие болады. Айтыс сахнасында талай бәйгенің алдын бермей, топ жарған ағамыз әлі күнге замандастарының есінде.

губ22

- Аманжол мықты азамат болды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу сол кісіге қаратып айтылғандай. Күйшілігі де бір төбе. Тұңғыш рет облыстық айтысқа шыққанда Аманжол ақынмен сөз сайыстырдым. Үлкен сахнаға алғаш шығып тұрған кезім ғой. «Саспа, жайлап бастай бер. Жақсы айтыс шығарамыз ғой» деп еді. Ел есінде қаларлықтай айтыс жасадық. Айтқыштығы да мықты еді марқұмның. Әкесі Ғұбайдолланы да көре қалдық. Ол кісі де тапқыр сөйлейтін адам. Жаңақала жақтағы іс-шараларға көз тігіп, құлақ түріп жүремін. Аманжол ағамызға байланысты шара өткенін байқамаппын. «Кезінде болған жігіттің, түп атасын сұрама» демей ме бұрынғылар?!. Артындағы ұрпақтарымен кездесу кештерін, ақын атына мүшәйралар мен айтыс ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді?! - дейді ақын әрі айтыскер Сағынтай Бисенғалиев.

губ33

- Шахиндер өнер қонған, өлең қонған әулет. Аманжолдың әкесі әзілкеш, тауып айтатын айтқыш жан еді. Табан астында айтқан әзілдері елдің аузында әлі күнге жүр. Аманжол бір өзі бір оркестр еді. Керемет домбырашы, ғажап әнші, суырып салма ақын болды. Күй тартып отырып, тыныс жолымен қобыздың дауысын айнытпай салатын. Алматының ҚазҰУ-на (бұрынғы С.Киров) тапсырып, өтпей  қалған соң өзіміздің Оралдан мал дәрігері мамандығына түскен. Егер қоймастан тапсырып, оқуға түсіп, сол жақта жүргенінде Аманжол ағамыз әдеби ортаның сәні болар еді. Бұдан да мықты ақын болар еді деп ойлаймын. Ақжарқын, көпшіл жан еді. Бірнеше рет айтысқа қатысып, жүлделі орындар алып, «Облыс ақыны» деген атаққа да қол жеткізді. Жақсы жолдас болдық. Жасымыздың айырмашылығына қарамастан дос болып кеттік. Небәрі 44 жасында өмірден өтіп кетті. Мынадай оқиға болды. Реті келген соң айта кетейін. Аудандық газетке жаңадан редактор болып тағайындалған кезім. Аманжол жұмыста жоқ, келетін шығар деумен 3 күн өтті. Төртінші күні жұмысқа келді.

- Редактор болып жаңадан тағайындалдым, маған қолқанат болып, газет ісін бірге дөңгелетпейміз бе? Неге 4 күннен бері жұмысқа келмейсің, - деп сұрақ қойдым. Сонда Аманжол ағамыз:

- Күйеу, сенің редактор болғаныңды жуып жүрмін ғой, - деді. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей, бір күліп алып әрі қарай жұмысқа кірісіп кеттік. Күйеу деп отырғаны менің жолдасымның руы Кердері, сол себепті мені күйеу дейтін. Иық тірестіріп қатар қызмет еттік. Аудан газетіне қосқан үлесі мол, -деп еске алады замандас ағасын Закария Сисенғали ақын.

«Орал өңірі» газетінің 1987 жылы 30 мамыр күні шыққан санында ақын Айтқали Нәріковтің «Ақындар шықты айтысқа» деген көлемді мақаласы бар. Ол кезде өткен айтыстарға үлкен бет арнап, әр жұп ақындарына жекелей тоқталатын болған. Ол мақалада жерлес ағамыздың көрсеткен өнері туралы былай делінген: «Жаңақалалық Аманжол Ғұбайдуллин мен ордалық Болат Наурызғалиевтің айтысы көпшіліктің есінде ұзақ сақталар деп ойлаймыз. Алыстағы ауылда веттехник болып істейтін Аманжол аудандық ақындар айтысына биыл ғана қатысып, бірінші орынды жеңіп алыпты. Бірақ өлеңді суырып салып айтатын Аманжолды ауылдастары ақын ретінде көптен біледі. Аудандық айтыста оза шығып, облыс орталығына сенім қанатына мініп келген ол жерлестерін жерге қаратқан жоқ. А.Ғұбайдуллин өнерпаздарды өлеңмен таныстырып, сауықты жүргізушінің де міндетін атқарды. Басқа бірқатар ақындарша бұлар бөгде сөзге мойын бұрмай, бірден сынға көшті. Байқалған олқылықтарды жалтармай сынап, тура ақындықтың туын көтерді.

Аманжол:

Кім білмес құмдағы орман-қарағайды,

Оның да бірте-бірте саны азайды.

Құлпырған көк желекті құрметтеуге,

Басшылар әлі дұрыс қарамайды.

Айтпаса өзара сын дос ел кейде,

Айтыстың алға, сірә көші өрлей ме?

Көшеңде асфальт түгіл, ақ тас та жоқ,

Шынымен құмға асфальт төселмей ме?

Нұр құйды өнер менің талабыма,

Ризамын өзім өскен алабыма.

Ал сенің редакция үйің болса,

Ұсқайды бір совхоздың гаражына».

губ11

Айтыскерлігімен қатар Аманжол Ғұбайдуллин қаламды да жанына серік еткен. Жазушылыққа қадам басқан. «Сиқырлы сыр» әңгімесі мен «Практикант» атты көлемді новелласы газет бетіне жарияланған екен. Өзін қай жағынан да көрсетіп, мойындатқан. Тек ғұмыр-дариясы қысқа болғандығы өкінішті-ақ... Ел-жұрты ақын ұлын ұмытпасын деген ниетпен архив ақтарып, газеттің тігінділерін қарап, Аманжол Ғұбайдуллин ағамыз туралы іздедік. Алдағы күндері ақын мұрасы дәріптеліп, жас ұрпақ есіне алар деп үміттенеміз. «Ақынын ардақтаған ел азбайды» дегендей, әркез жерлес ақындарымызды ардақтай білейік!

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале