23.08.2024, 12:45
Оқылды: 250

«Отан алдындағы қасиетті парыз, жүктелген абыройлы міндет күш береді» – Жандос Сатқанов

Әскери қызмет – әр азаматтың өз елінің қарулы күштері қатарында өз еркімен мемлекеттің жүктеген міндеттерін атқаруы немесе мерзімнен тыс қызмет етуі. Бұл еліне, жеріне, халқына қорған болуды мақсат еткен әрбір азаматтың абыройлы міндеті, қасиетті парызы – Отан алдыңдағы борышын өтеуі. Кәмелеттік жасқа толған әр азамат нәсілі мен ұлтына, діни сеніміне, біліміне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына қарамастан қарулы күштер қатарында міндетті әскери қызметті атқаруға шақырылады. Әлемдегі геосаяси жағдайлар бүгінгі заманның елдер арасындағы қарым-қатынастардың аса тұрақсыз екенін де көз алдымызға қойып отыр. Яғни, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери қызметкерлерді даярлау – бүгінгі басым мақсаттар дың қатарында.

471260E2-7CE6-40AC-9AA4-BA7733913C4C

Қазір кез-келген азамат міндетті әскери борышын өтеп, әскери қызметін жалғастыруына немесе бірден әскери қызметкерлерді даярлайтын оқу орындарына түсе алады. Ол үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 50 баллдан жоғары ұпай жинау керек. Ең бастысы денсаулығы жарамды болуы шарт. Аталған талаптарға сәйкес келген жағдайда талапкер оқуға түсуге өтінім беріп, құжаттарын тапсырады. Кейін медициналық, психологиялық тексеріс, дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар, конкурстық іріктеу жүргізіледі. Осы кезеңдердің барлығынан сүрінбей өткен талапкер оқуға қабылданады. 

Елімізде әскери институттар, колледждер, әскери бағыттағы орта арнаулы мектептер баршылық. Осындай білікті, білімді әскери қызметкерлерді оқытатын еліміздегі жоғары оқу орындарының бірі – Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты. Бұл – Ақтөбе қаласындағы ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері, ІІМ авиациясы және ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін ұшу және инженерлік-техникалық құрамын әзірлейтін оқу орны.

Институтта 5 мамандық және 11 біліктілік бойынша офицерлік кадрлар даярланады. Оқу тегін әрі білім алуға барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, жататын орын, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жылына екі рет берілетін демалыс кезеңінде жол жүруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқу бітірген түлектер жұмыспен қамтылып, әскери қызметке орналастырылады.  

Былтыр осы институтқа шыңғырлаулық азамат Жандос Сатқанов түскен болатын. 20 жасар жерлесіміз әскери адамға қойылатын жоғары талаптарға сай болып, барлық сынақтардан өтіп, абыройлы қызметке қадам басты. Ол 4 жылдық оқудан кейін, лейтенант шенін алып шығып, әскери қызметкер болуды мақсат еткен. Жандос Орал қаласындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжін өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша тәмамдап, өзінің қалайтын еңбек жолына бет бұрды. Елінің қорғаны болу, мемлекетіне адал қызмет ету – оның басты арманы.

– Оқуға түскенде, ең басында, әрине, қиыншылықтар болды. Жаңа ортаға үйрену, қатаң тәртіп, жоғары талаптар. Бірақ бәріне де үйреніп кетесің. Себебі, біздерге Отан алдындағы қасиетті парызымыз, мойнымызға жүктелген абыройлы міндеттеріміз күш-жігер береді. Еңбек жолымды адал жүріп өтуге осындай мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын, - дейді Жандос.

Бұл сөздерден рухы биік, отансүйгіш азаматты байқадық. Расымен де әскери адам болу үшін қайтпас қайсарлық, қажымас төзім, мұқалмас ерік-жігер керек.

Шыңғырлау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс жөніндегі қызмет басшысы Бердібек Жұмашевтың айтуынша, аталмыш оқу орнына 2020 жылдан бері ауданымыздан ешкім түспепті.

«Бұған ниет білдірушілер қатарының аздығы, талапкерге қойылатын талаптардың қатаңдығы себеп. Құжаттар жинау, тексерістер, сынақтар, физикалық дайындықтар, барлығы біраз уақытты, шыдамдылықты қажет етеді», - дейді ол.

Талаптанған жастардың арасында орта жолдан бас тартқандары да болған. Бұлай болуына қоғамда дендеп тұрған әскерден қашу мәселесі де әсер ететіні анық. Бағзы заманда білектің күші мен жүректің отына сүйенген халық ер азаматтарына үміт артатын, он үшінде ат жалын тартқан әрбір ер бала жас жауынгер қатарында саналатын.

Садақ тартып, қылыш ойнату әдісін бала кезден-ақ меңгерген, себебі бұл өмірлік қажеттілік, елді жаудан қорғаудың қатаң талабы еді. Жас жігіттер, сондай-ақ садаққа мерген қыздар, атқа әбжіл бойжеткендер де соғысу өнерін меңгеріп отырған.

17 жасында жоңғардың Бадам ханының басын алған Райымбек Түкеұлы, осы жасында бұқаны қамшымен ұрып құлатып, жоңғарларға Жетісудің бойында ойран салған Байсейіт Төлесұлы батырлар тарихта өшпейтін атын қалдырды. Қазір сол батыр бабаларымыздың арқасында бейбіт, тыныш заманда, ашық аспан астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Десе де, кез келген жағдайда елін қорғай алатын, рухы биік нағыз азаматтарды тәрбиелеу – ел болудың қағидасы.

«Жігіт болсаң шоқ бол, шоқ болмасаң, жоқ бол!» дегендей, Отан алдыңдағы қасиетті борышты өтеуден қашу, бас тарту жігіттікке сын болар. Әсіресе бұл рухы биік ұлтымыздың ұландарына жараспайды.

Еріншектік, қорқақтық, тұрақсыздық – қазақылығымызға жат қасиет. Көшіміздің алға басуы елім, жерім дейтін жастардың қолында.

Сондықтан еліміздің әр азаматы мойнындағы жауапкершілікті сезініп, қасиетті борышын өтеп, абыройлы міндетін орындаса, мемлекетіміздің тұғыры берік болып, мәртебесі биіктей бермек.

Гүлжазира Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале