30.08.2021, 14:15
Оқылды: 119

Отан қорғау – парызым

36-бап

     1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

  2. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

 ***

Қазақстан әскері қатарында ел тыныштығы үшін қызмет ету - әрбір азаматтың парызы. Әскер біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ зор мәртебе.

B742CD28-4F9A-45A4-A083-190D0F373ACA

Мен Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген осы парызымды кәсіби әскери ретінде атқаруға бел буған адаммын. Оқушы кезімде нардың жүгін арқалап, көпке үлгі болған әскерилерді көріп, «мен де әскери болсам» деп армандайтынмын. Бала кезімнен әкеме қарап, еліктеп өстім. Әкем Ішкі Істер министрлігінің запастағы майоры. Оның әскери киіміне, өзін ұстауына, басқалардың әкеме үлкен сыйластықпен қарауына қатты қызығатынмын. Әскери болу арманым мені жетелеп, Алматы қаласына бардым. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепке оқуға түсіп, екі жыл сонда оқыдым.

Одан әрі ҰБТ тапсырдым. Әскери мектептен алған білімім нық болып, 140 баллдан 127 балл жинап шықтым. ҚР ҚК Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлерінің әскери институтына, «Әскери ұйымдарда әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру» факультетіне оқуға түстім. Қазіргі таңда екінші курсты тәмамдадым. Үш түлегі «Кеңес Одағының батыры», сегізі «Ресей батыры», біреуі «Абхазия батыры», тағы біреуі  «Халық қаһарманы» атанған даңқты оқу орнында оқу мен үшін үлкен жетістік. Мен де оқуымды тәмамдап, «ел маған не береді?» деп емес, «мен еліме қандай пайда келтіре аламын» деген ұстаныммен еліме пайдамды тигізсем деймін.

Дүние есігін ашқалы еркіндіктің ауасымен тыныстап, егеменді елде уайымсыз ғұмыр кешіп жүрген ұрпақтың өкілі екендігіме мың тәубе етемін. Еркін өмір сүруге, қалаған мамандығымды алуға мүмкіндік берген Отаным, құқықтарымды қорғауға кепілдік берген Ата Заңым мәңгілік болсын деймін.  

 Ернар Кенжебай,

ҚР ҚК Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының курсанты

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале