Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының спорт залында 9-11 сынып оқушылары арасында әскери-эстафеталық сайыс ұйымдастырылды. Оқушылардың патриоттық сезімін оятып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген сайысқа қонақ ретінде Орал қаласындағы №2029 шекара жасағына қарасты Дариян ауылындағы "Орал" шекара бекетінің лейтенанты Құмар Бақытов келді.
Сайыс таныстыру, топ ұранын айту, әскери эстафета яғни АК-74 қаруының оқу макетін бөлшектеу және жинақтау, оқжатарды шашып жинау, газтұмылдырық және әскери қорғаныш толымын кию сияқты кезеңдерден тұрды.
Сондай-ақ ұлдар кермеге тартылу, топ құрамындағы бір қыз белді бүгіп жазу сынағын тапсырды. Қызықты сайыс нәтижесінде әділқазылар шешімімен І орынды 11-сынып оқушыларынан құралған "Сарбаздар" тобы иеленсе, ІІ орынды 10-сынып оқушыларынан құрылған "Көк тарландар", ІІІ орынды 9-сынып оқушыларынан құрылған "Жас жауынгер" тобы еншіледі. Ал, кермеге тартылу бойынша І орынды Мақсат Ғабитов, ІІ орынды Нұржан Шығанбаев, ІІІ орынға Мәулен Жалғасұлы ие болды. Қыздар арасындағы "белді бүгіп жазу" сайысында І орынды Айлина Бижанова, ІІ орынды Ақниет Мұратова, ІІІ орынды Сабина Саматова еншіледі. Ұлдар арасында 1 минутқа "белді, қолды бүгіп жазу" сайысында І орынды Маулен Жалғасұлы, ІІ орынды Мақсат Ғабитов, ІІІ орынды Мақсат Ахметов иеленді. Сайыста белсенділік танытып, жақсы нәтижесі көрсеткен оқушылар да марапаттан қалыс қалмады. АК-74 қаруының оқу макетін шашып, жинауда Санжар Жұмыров озық шықты.
Сайыс соңында Орал қаласындағы №2029 шекара жасағына қарасты Дариян ауылындағы "Орал" шекара бекетінің лейтенанты Құмар Бақытов пен мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Исмагулова қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, үздіктер мен белсенділік танытқан ұл-ұқыздарды мектеп директорының арнайы алғысхаттарымен марапаттады.
Асулан Айдарханов,
Дариян ауылы
zhaikpress.kz