21.06.2023, 10:15
Оқылды: 17

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Елімізде өз кәсібін  ашамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама арқылы көмектер берілуде. Осындай мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатарында «Ләззат» ШҚ басшысы Ләззат Асаубаева да бар. Теректі ауданының тумасы мектепті аяқтаған соң Орал педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын алып шығады.

ләззат

2005 жылы жары Дәурен Асаубаевпен бас қосып, Шыңғырлауға келін болып түскен екен. Бүгінде екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.

Ол «Бөбек», «Болашақ» балабақшаларында жұмыс жасай  жүріп, балаларға мерекелік шараларға арналған киімдер тігіп, әріптестерінің арасында ісмерлігімен танылады. Ләззаттың кішкентайынан іс тігуге икемділігін байқаған әжесі Қалима Ахметова өз білгенін немересінің санасына құйып,  құрақ құраудан бастап, киім пішіп-тігудің  қыр-сырын үйретеді. Жастайынан тігінші болсам деген арманын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы  бала күтімі демалысына шыққан соң өз қаражатына Орал қаласындағы «AYAKEN  Киім  Дизайн» студиясында  үш ай оқып, білімін шыңдайды.

отбасы

Сонымен қатар  аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы  бір айлық «Бизнес-Бастау»  курсын тәмамдайды. Мемлекеттік грант арқылы алған 505 мың теңгеге үш тігін машинасын сатып алып, «Шебер» шеберханасын ашады. Міне, содан бері төрт жыл ішінде балаларға мерекелік киімдер тігіп, қайта өңдеу, қысқарту, сән үлгісін өзгерту, киімді қалпына келтірумен айналысып келеді. Оның қолынан шыққан  әр киім сапасымен, ұлттық нақышымен сұранысқа ие болуда. Алдағы уақытта қыз жасауы мен мата дүкенін ашсам деген жоспары да бар.

бом

Тігіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысу мақсатында жолдасы Дәуренмен ақылдаса келіп,  өткен жылы шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында  алған 3 миллион 800 мың  теңге қаражатқа 60 бас қой сатып алады. Бүгінде қой  санын 100-ге жеткізіп отыр. Мал баққан соң  жазғы жайылымы,  қысқы  мал азығы қажет екені белгілі. Соған орай, биыл конкурсқа қатысып, 225 гектар шабындық жерге  ие болды.

Айсұлу Нұрғазиева,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Без имени

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале