11.08.2021, 15:23
Оқылды: 0

Отбасылық кәсіптің табысы мол

Жуырда Тасқала ауданына қарасты Мереке ауылына сапарлап бардық. Газетшілерге жол көрсетуші Мэлс Нарыков те осы ауылға жақында әкім болып келген еді. Бізді ертіп жүріп, біраз еңбек адамдарымен жолықтырды.

Кәсіп

Сапарымыздың барысында айналасы тиянақты, тіпті ауласында гүлдің түр-түрі жайнап тұрған қыстаққа ат басын тіредік. Анығын айтар болсақ, біз барған «Талдықұдық» қыстағында 1989 жылдан бері қоныс теуіп, осы жақта өздерінің күн көрісін дамытып келе жатқан Жұмағұл Мұқановтың шаңырағы екен. 32 түрлі қыстың аязы мен бораны, жаздың аптап ыстығы мен дауылына төзімділік танытып жатқандығына қайран қаласың. Әрі қарай отағасының пікіріне құлақ түрейік.

«Өзім 1961 жылы осы жерде дүниеге келдім. Ер жеткен соң трактордың тілін үйреніп, ауылда қызмет жасадым. Анам Оңай деген кісі тоғыз құрсақ көтерген адам. Әкем Омарғали екеуі бес қыз, төрт ұлды тәрбиелеп қатарға қосты. Негізінен бұл шаруашылықты бастаған сол әкеміз. Біздер кішкентаймыздан көмекші ретінде қасынан қалмай жүрдік. Көрдік, үйрендік. Шаруашылықтың қыр-сырына қанығып өстік. Қой бағуды оңай деп кім айта алады? Мал бағудың талай қызығы мен қиыншылығын әкем мен анам бірге көрді. Сонау жылдары қиын замандарда алға қойған мақсаттарын іске асыру жолында айнымай бірге төзе білді. Оның өзі сол кездегі біз секілді жас балаларға үлгі болды деп осы күні ойлаймын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, өз алдымызға отау құрып, балалы болғанда мойнымызда қандай жүктің тұрғанын сезіндік. Әкемде бір отар қой болатын, кейін соны 3 отарға жеткіздік. Егізден қозы алдық. Миранос тұқымды қойды жойған жоқпыз. Әлі күнге басын жоймай бағып келеміз. Себебі миранос қойы басқа тұқымға қарағанда жүнді мол береді. Кезінде облыс орталығынан келіп, миранос қойына зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сол кезде басқа тұқымдарға қарағанда миранос қойдың жүні 19 сантиметрге дейін жететін. Егізден, тіпті үшем алып жүрген кездерімізде болды. Еті жағынан да салмақты. Міне, миранос қойының артықшылығы осында. Жалпы атақонысымыз аталып кеткен жерде сонау 1989 жылдан бері тұрып келеміз. Осы жердің сай-саласы мен қыраттары бізге таныс. Үш ұлымыз бар. Үшеуінде мал шаруашылығына үйреттік. Қазір өздері де кеткісі келмейді. Менікі тек ақыл айту және сұрағандарын тауып беру. Кезінде трактордың қосалқы бөлшектерін Ресейден тасыдық. Қазіргі таңда қымбатшылық байқалады. Рулон буатын жіптің өзі былтырғыға қарағанда едәуір қымбат. Дейтұрғанмен ауыл әкімімен арамызда келісім болғаннан кейін ауыл халқына арзандау бағамен қысқы мал азығын жеткізіп береміз. Аз қамтылған отбасыларға да тегін түсіріп, қолымыздан келгенінше көмегімізді көрсетіп жатамыз. Әрине, сауап жинаған артық етпейді. Балаларым трактордың құлағын жақсы меңгерді. Бауырларым да жаз айларында келіп көмектеседі. Өз басым қой малын жақсы көремін. Алдағы уақытта да қой шаруашылығын дамытқымыз келеді. Мүмкіндіктер туып жатса, бұдан да көбірек ұстап, шарушылықтың ауқымы кеңейгенін қалаймыз. Біздің қазіргі шаруашылығымызды отбасылық бизнес деп атауға болады. Яғни бір атадан тараған бауырларым да, артымнан ерген балаларым да қасымда. Бір жерде, бір күнкөріс. Не тапсақ та теңдей бөлісеміз. Сексенге тарта ірі қара мал мен бір үйір жылқы өрісте жайылып жүр. 695 бас қой малын бағып жатырмыз. Негізінен 238 бастан көбейіп, қазіргі таңда 700-ге жуықтады. Мемлекетіміздің қарайластырған «Сыбаға» бағдарламасы аясында қаражат алып қойдың санын арттырдық. Екі тракторымыз бар, қосалқы құралдарымен бірге жаңалап алдық. Жұмысшылардан қиындық жоқ. Өз айналамыз болғаннан кейін ешкім кетпейді. Бұлар да уақытында еңбектерін алып тұрады. Малдың қысқы азығына 3000 рулон жинаймын. Негізінен алты ай қысқа есептеймін. Себебі басымыздан өтті. Бір жылдары көктем ерте шықса, бір

жылдары алты ай бойы қар кетпей жатып алады. Сол кезде мал азығынан тарылып қаламыз. Сондықтан алды ойлағанның артықтығы жоқ. Бәрі де уақытпен, тәжірибемен келеді емес пе?! Жалпы шаруашылықтың қырсырын меңгеру үшін оған беріле кірісу керек. «Мал баққанға бітеді» демекші, мал шаруашылығы, соның ішінде қой бағу асқан еңбекқорлықты талап етеді. Жалпы ризамыз. Қазіргі таңда бәрі бар. Техника да, су да, шөп те енді тек соларды дұрыс бағытында пайдалануымыз керек, - дейді жеке қожалық иесі Жұмағұл Омарғалиұлы.

Кейіпкеріміз қазіргі таңда немерелерін бағып отырған бақытты ата. Отанасы Гүлайым Мұқанова екеуі балаларынан бөлек шаруашылыққа көмекші жігіттердің де бабын тауып, екі қолға бір күрек беріп отырған жандар. Ең бастысы сыйластық дегенді ұран қылып ұстанған шаруа иесі алдағы уақытта шаруашылықты дамытып, мерекеліктердің ортасында абыройлы өмір сүргенді қалайды. Қой бағудың қас шеберіне айналған Жұмағұл Мұқанов секілді шаруалар көбейе берсін!

 

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале