Бүгін Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанованың қатысуымен Алмаз, Ақшат және Қарағаш ауылдық округтерінде есептік кездесу жиындары ұйымдастырылды. Аталған ауылдың әкімдері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді. Кездесулерге ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алмаз ауылында өткен есептік кездесуде округ әкімі Сағындық Қалниязов слайд арқылы 2021 жылғы атқарылған жұмыстарға шолу жасай келе, 2022 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндады. Жалпы округ бойынша 30 шаруа қожалығы, 1 ЖШС және 2 ауылдық тұтыну коорперативі, 6 жеке кәсіпкер тұрақты жұмыс жасауда. Қысқы мал азығын дайындау жоғары деңгейде жүргізіліп, бекітілген жоспар 113 пайызға орындалған. Округ әкімінен кейін учаскелік полиция инспекторы Жазықбаев Бейбіт қоғамдық тәртіп туралы қысқаша баяндады. Сегізсай ауылында өткен есептік кездесу жиынында ауыл ақсақалы Зарлық Сүйіндіков тозығы жеткен электр желісін қайта жөндеу мәселесін көтерсе, Алмаз ауылының тұрғындары Қалампыр Рахимова көшесі мен ауылға кіре беріс 10 шақырым жолына күрделі жөндеу жүргізу секілді сұрақтарды алға тартты. Жиын соңында аудан әкімі Әлия Биғазықызы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндай келе, көтерілген мәселелердің шешу жолын түсіндірді.
Алмаз ауылдық округінен бастау алған есептік кездесу 1400-ге жуық тұрғыны бар Ақшат ауылында жалғасты. Жалпы соңғы жылдар ақшаттықтар үшін жағымды істерге толы жылдар болды. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізіліп, ауыл көшелері жарықтандырылып, жолдары жөнделіп, халықтың әл-ауқаты жыл сайын жақсаруда.
-Өткен жылы округімізде 32 шаруа қожалығы мен 17 жеке кәсіпкер тіркеліп, сонымен қатар екі АШӨК біреуі ірі қара малымен айналысса, екіншісі қой шаруашылығымен айналысуда. 13441 тонна қысқы мал азығы дайындалды. 2021 жылы төрт шаруа қожалығы ашылып жұмысын бастады. Мал басын асылдандыру мақсатында ауылдың қоғамдық малдарына мерзімі өткен 35 бас асыл тұқымды ақ бас бұқалар қосылды. Қазіргі таңда Ақшат ауылдық округі бойынша ірі қара мал өткен жылмен салыстырғанда 109%, ұсақ мүйізді мал 114%, жылқы 120%-ға өсті, - деген округ Е.Айшуақов өз баяндамасында ауылда - 4, атап айтқанда «Жігер», «Мезинов», «Похилько», «Қарабұлақ» шаруа қожалықтары егін егумен айналысатынын баяндады. Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар түйінді мәселелер де көтерілді: ауыл ішінде тағыда бір көшені жөндеу, ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу және шағын футбол алаңын салу қажеттілігі алға тартылды. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова толық жауап бере отырып, алға қойылған нақты міндеттермен бөлісті.
Кестелік тәртіпке сәйкес есептік кездесу Қарағаш ауылдық округінде жалғасты. Қарағаш ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланғанына екі ай ғана болған Мерхан Жумиев өз баяндамасында бұған дейін округ көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Баяндама барысында слайд көрсетіліп, көрсеткіштер халық назарына ұсынылып отырды.
Мерхан Манасұлы өз сөзінде қысқы мезгілге 14 617тонна мал азығы дайындалып, қысқы мал азығының дайындығы 121,3% құрағанын, бүгінгі таңда ауылдық округ көлемінде 32 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 2 ауыл шаруашылық өндірістік кооператив жұмыс істейтінін хабарлады. Оның айтуынша округте мүйізді ірі қара малының саны – 6773, қой мен ешкі - 3137 бас, жылқы - 991 басқа жеткен және өткен жылмен салыстырғанда барлығынан өсім байқалады дейді.
Бірер күн бұрын Қайынды, Ақсуат елді мекендерінде өткен есептік жиында тұрғындар ауылдарға ұялы байланыс орнату, жедел жәрдем көлігін сатып алу мәселелерін көтерсе, Қарағаш ауылының тұрғындары ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су өткізу және мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады.
Жиын барысында тұрғындардан түскен ұсыныстарды аудан басшысы сараптай келе, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын баса айтты.
Барлық округтерде өткен жиындардан соң аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдады.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz