14.10.2022, 22:36
Оқылды: 63

Оза шауып қатардан, үздік атанған – Ақсуат!

Теректідегі Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі ауданға қарасты Ақсуат ауылында жалғасын тапты. Ауыл маңында киіз үйлер құрылып, теректіліктер дала қызықтарын көзбен көрді.

F78FB6AE-3CDF-46C8-8CD7-7E1BB7BD5EAC

Ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды ірі қаралардың көрмесі де мерекенің маңыздылығын айшықтап, мәнін арттыра түсті. Торқалы тойдың басынан Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев табылып, құттықтау сөз сөйледі.

– «Ауыл – алтын бесік», «Ауыл – алтын тамырымыз» дейді дана халқымыз. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы, дәстүрлі шаруашылықтың асыл қазығы. Ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай болып қала береді. Бүгінде ауданда тіркелген 416 агроқұрылымда 1 673 тұрғын жұмыс істейді. Өз ісінің нағыз маманы болған, сол мамандықтарды отбасылық кәсіпке айналдырған еңбек майталмандарын ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету, атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіпті, игі дәстүрді насихаттау бүгінгі мерекенің басты мақсаты, - деді өз сөзінде Тілек Александрұлы.

Аудан басшысы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өшпес қолтаңбаларын қалдырып, ұлағатты істерімен елінің құрметіне бөленген бірқатар теректіліктерді марапаттады.

D9622D26-B1F1-4BC6-8F65-4B9899A93DB7

Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының алғысхатын Долин ауылдық округі ветеринарлық учаскесінің меңгерушісі Амангелді Дүйсембаев және Ақсоғым ауылдық округі ветеринарлық учаскесінің мал дәрігері Нұрлан Шабанғалиұлы еншілесе, Приречный ауылдық округі ветеринарлық учаскесінің меңгерушісі Каким Мұқатаев пен Ақжайық ауылдық округі ветеринарлық учаскесінің мал дәрігері Кәкімжан Жасенов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының алғысхатын алды.

Астана қаласының әкімі алғысхатымен «Испаев» шаруа қожалығының басшысы Зейнетолла Хайров марапатталды. Ауыл шаруашылығы  саласында қызмет атқарып жүрген бірқатар  теректіліктер мен шаруа қожалық басшылары БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының алғысхатын және Теректі ауданы әкімінің алғысхатын иемденіп, құрметке кенелді.

Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев аудан бойынша өткен «Үздік ауыл» байқауында жеңіске жеткен Ақсуат ауылдық округі, соның ішінде округ әкімі Жаннұр Ахметовты сахнаға төріне шақырып, ауылды осындай жетістікке жетелеген әкім мен ауыл халқына алғысын білдірді. Ақсуат ауылдық округі аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде бақ сынайтын болады.

56D3A1CE-E06C-4911-810D-666D4713FFD1

Салтанатты шарадан соң Ақсуатта ұлттық спорт түрлерін насихаттайтын ат спорты кешенінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш жобаны қолға алған ауыл азаматы, «Кубаев» шаруа қожалығы жетекшісі Сержан Таңқашұлы ұлттық спортты дамытуды, соның ішінде көкпар ойынының аудандағы әлеуетін жоғарлатуды көздейді. Кешен толықтай жабдықталған. Жоспарда көкпаршыларды дайындайтын жаттықтырушыға және ат спортымен айналысатын балаларға, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балғындардың арнайы жаттығуына лайықталған орындар салуды көздейді. Енді Теректі ауданы көкпаршыларының бас қосатын орны осы Ақсуатта болмақ. Кешеннің лента қию рәсімін Теректі ауданы әкімі Тілек Александрұлы, Теректі аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов және Құбаевтар әулетінің үлкені Марат Құбаев өткізді.

Ақсуаттағы той онымен түгесілген жоқ. Ат спорты кешенінің ашылуына орай ауыл маңында жаппай көкпар ұйымдастырылды. Оған Теректі ауданынан бөлек, Ақжайық ауданы және Орал қаласынан көкпаршылар келіп қатысты.

Көкпардың жалпы жүлде қоры – 500 мың теңге. Аталмыш қаржылай сыйды «Кубаев» шаруа қожалығы ұсынды. Сонымен қатар, көкпар қызықтауға келген ағайын да қарап қалмады. Соның ішінде облысымызға танымал атбегі, ат спортын балалар арасында насихаттауды қолға алған Ақылбек Ишановты ерекше атап өтуге болады.

FEF419F3-8B40-4D73-A159-B0B5DB34962D

Балалар жылына орай  аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен қазақша күрестен шағын турнир өтті. Бозкілемде айқасқан балғын теректіліктер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Батылдық пен күштілікті қажет ететін қой көтеруде Жайық ауылының тұрғыны Нұржан Аманғалиевке тең келер ешкім болмады. Ақсуаттағы тағы бір атымтай «Досанов» шаруа қожалығы ұсынған қойды Нұржан Жайыққа ала кетті.

Ақсуат төрінде ән әуелеп, күй шалқыды. Жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының да еңбегін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, әр ауылдық округтен келген шаруа қожалық өкілдері ауыл шаруашылық өнімдерін арзан бағада халыққа ұсынып, теректіліктер жәрмеңкеден өз керегін таба білді.

BADD7186-C723-4F6F-BD13-5A330B032952

Әрине, той сол ауылдағы ағайынның демеуінсіз өтпейді. Ажары келіскен Ақсуаттың мәртебесін арттырған шараға «Кубаев», «Досанов», «Есенбек» шаруа қожалықтары және «Мадина», «Мирас», «Галиева», «Құрманова» жеке кәсіпкерлігі айтарлықтай үлес қосты.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале