3.05.2023, 21:42
Оқылды: 54

Өзі – ару, белінде – қару

Көлік тізгіндеп, форма киген аруды сырымдық жасөспірімдер әбден танып үлгерді. Тіптен, туыстарына айналғандай. Данара Ишмұханова 2020 жылдың қарашасынан бері кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөнінде учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалып, 2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызмет атқарып келеді.

WhatsApp Image 2023-05-03 at 19.41.35

Данара Сабырқызы Жымпиты ауылында дүниеге келіп, Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде білім алды.
Кейіннен 9 сыныпты тәмамдап 2011 жылы Орал қалалық экономикалық колледжінде «бухгалтер-ревизор-аудитор» мамандығында, 2014-2017 жылдары Евразия академиясында «бухгалтер-ревизор-аудитор» мамандығында, 2019 жылы КАЗИИТУ-дан «заңгер» мамандығының бакалавры дәрежесін алды.
2020 жылы Сырым аудандық полиция бөліміне кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөнінде учаскелік полиция инспекторы болып қызметін бастады.
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөнінде учаскелік полиция инспекторы болып жүрген кезде жұмысымның қиыны мен қызығы қатар жүрді. Әрбір үйдің еркесін тәртіпке салу, тілін тауып, дұрыс жолға бағыттау үлкен жауапкершілік міндеттесе, қызығы, менің көлігімді аңдып отырып, 23.00-ден кейін көшеде жүрмейтін балалар болды. Аталған уақытта үйлерінде отырған оқушыларым ата-анасының жанында отырып видеоқоңыраумен хабарласатын. Жалпы баламен тіл табысу үшін психологиясымен жұмыстанып, баланы тыңдап әрі тыңдата білу керек, - дейді Данара Сабырқызы.

WhatsApp Image 2023-05-03 at 19.41.34

Нәзік жандылардың қару асынып, ер азаматтармен бір сапта жүруі - кез келгеннің қолынан келе бермейтін, жүрегі дауаламайтын мамандық. Әйтсе де бала күнінен арман еткен мамандығына машығып, сол саланың қазанында қайнап жүрген Данараның болмысы да, қайсарлығы да нағыз полиция қызметкеріне тән.
Қоғамда бала тәрбиесі деген - өте нәзік дүние. Олай дейтініміз, баланы жастайынан тәртіпке үйретіп, оған дұрыс бағыт-бағдар беру, өзі үшін жауапкершілік ала білуді үйрету де әркімнің қолынан келе бермейді. Соған қарамастан, өзгенің тентегін тезге салып, олармен керек жерінде сырлас, дос та бола білген, керек жерінде қызметіне де адал болған Данара Ишмұханованың еңбегі орасан.

WhatsApp Image 2023-05-03 at 19.41.36
Ал, бүгінгі таңда атқарып жатырған әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобындағы қызметінің жұмысы жайында сөзге тартқанымызда,
-       Отбасындағы кикілжің, реніш алдымен сол отбасы мүшелері арасында шешілуі керек. Әйел заты нәзік, қорғансыз болғандықтан кейбір ер азаматтар пайдаланып жатады. Шаңырақтың шайқалуы тек ерлі-зайыптыларға ғана емес, балаларына да әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Ауданымызда биылғы жылға әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету фактісі тіркелген жоқ, -дейді өз ісінің маманы.
Әдетте көп қылмыс ашылмай жатады. Данара Ишмұханова әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобындағы қызметінде бір қылмыстың ізін суытпай ашқан ізкесуші екені де тілге тиек етейік.
Иә, полиция бөліміндегі қай бөлімді алып қарасаңыз да ауданның, халықтың тыныштығын сақтауды мақсат етеді. Соның ішінде осы саланың бел ортасында жүрген санаулы болса да нәзік жандылар осылайша елге қалтқысыз қызмет атқарып жатыр. Еліміздің тыныштығын күзетер, ауданның айрандай ұйыған ынтымағына ұйтқы болар құқық қорғау органдарының қай қай қызметкеріне де сәттілік пен шыдамдылық тілегіміз келеді.

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале