22.02.2024, 16:45
Оқылды: 8

«Өзін еркін, ырықты ұстай білген шебер ғана асау үйретуде қимылды сәтті орындай алады»

Асау үйрету қыр-сыры және қауіп-қатері көп, қызыққа толы тамаша өнер түріне жатады. Осы орайда асау үйрететін Дәулет Мажитовпен тілдескен болатынбыз. Ол 1990 жылы Теректі ауданы Дуана ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Тасқала ауданының Мерей ауылдық округінде тұрады.

846666a8-71af-4397-9e2e-ebf32f07a997

– Ат баптап жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Асау үйретуге, атқа мінуге бала күнімнен құмармын. Өзім жеті жасымнан атқа отырдым. Асауды ауыл сыртында үйретеміз. Сол үйреткен тайларымыздың ішінен таңдап алып, бәйгеге қосамыз. Қазір атқа мініп жүрген 10 шақты бала бар. Ол балалардан үміт көп. Көптеген бәйгеге бардық. Ат баптап, бәйгеге жүйрік қосып жүргенімізге екі жылдай уақыт болды. Ат баптау – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Осы дәстүріміз ұмыт қалмасын деп, ауылдың жас балаларынан шабандоздар шығару мақсатымен атқа мінуді үйретіп келемін. Қазақтың ержүрек азаматтары үшін асау үйрету қызықты, тамаша өнер деп санаймын. Асау үйретуге шапшаңдық пен шеберлік қажет. Асауға алғаш мінгенде көз ілестірмес тездік керек. Құлағы босап, есін жия бастаған асау мойнын ішіне алып, жатып кеп тулайды. Бұл бір шешуші кезеңдегі аса қызықты көрініс. Әрі шешуші сайыс үстіндегі арпалыс. Асау үйретуші шебер сол алғашқы тулағанда асаудың мойнынан асып, түсіп қалмауы шарт. Егер осы алғашқы секіріп тулағанда асаудың мойнынан асып, түсіп қалса, асау соған дағдыланып қалады да, әр рет мінген сайын мойнын ішіне алып тулайтын әдет қалыптастырады. Темір тақым асау қанша туласа да ауып түспейді. Тақымы ерге жабысып қатып қалады. Борбайы ұзындары асаудың екі қолтығына екі аяғының басын темір қармақтай сап еткізіп іліп алып, міз бақпай отыра береді. Асау үйретуде ержүрек шебердің көңіл күй орнықтылығы ең негізгі орында тұрады. Бұған да батылдық, ержүрек болуы керек. Өзін еркін, ырықты ұстай білген шебер ғана асау үйретуде қимылды сәтті орындай алады. Сол асаудың бабына, күш-қуатына негізделіп, қайратты, киеңкі болса, долылығы тарағанша адуын аттардың басымы арқылы екі жігіт екі жағынан қыспаққа алып, есін шығара қуалайды. Шауып-шауып, долығы тараған соң өзінің бұл басымынан құтыла алмасына көзі жетіп, есі кетіп есеңгіреп, ақ көбікке малынып жуаси бастайды. Асауды алғаш үйрете бастағаннан тартып, ашындырып ұрмау керек. Асау үйретуші ашындырып ұрып қойса, байқатпай кегін қайтарудан тайынбайды. Асау үйрететін шебер басымдылық істеткенде, бұл жағына да көңіл бөлуі керек. Асауды жуасыту сатысы аяқталған соң асау үйретуші шебер оның мінез-құлқына қарай құлақ түбінен бастап мойын түбі, арқа басы, сауырына дейін сылап-сипап, аяғына отыруға әдеттендіреді. Бұл асауды үш аяқтауға, шідерлеп тұсауға мүмкіндік береді. Қанбезер асау бұған оңай көнбейді. Мұндай асауды көндіктіруге бірер апта, кейбіреуіне жарым ай уақыт кететіні де болады. Мұндай асаулар көбіне қолынан тартып, жүген-құрық тимеген белі бекем бесті ат пен дөненнен кезігеді. Жылқының бар күш-қайраты екі құлағында болады. Асауды құлақтағанда құлақ тамырын созып жіберуден, үзіп алудан сақтану керек. Қолы қарулы адуын азаматтар ептеп мойын түбінен бастап сылап-сипап, алдап тұрып құлақтан ала түсіп тұқыртып бұрап басқанда, асау ес ақылынан айырылғандай болып шегіншектеп, тұқыра береді. Тебу, ауыз салу, тарпу қуатынан біржола айырылады. Осы орайда бір жігіт асаудың аяғына еппен отырып, не еңкейіп тұрып аяғына шідер салады, не үш аяқтап алады. Сонан соң ертесі айналып басына барғызбай қоюдан сақтану үшін оралып жығылып, жазым болып қалмау үшін ұзындығы екі құлаштай шылбырды жерге сүйретіп қояды. Бұл да сол асауды арқан-жіп, ноқта-жүгенге дағдыландырудың бір тәсілі саналады. Мұндай асаулар қашан қолға көндігіп икемге келгенше бір жігіт құлақтап тұрып, енді бір жігіт шідер салуы қажет. Өйтпегенде оқыс қатер туындайды. Асауды арқандап, тоқымынан шошындырып алмау керек. Жылқы бір шошынса, сол әдетін өле-өлгенше тастамайды. Кез келген уақытта бауырына қарап «қорс» етіп мөңкитін әдет осындайдан барып қалыптасады. Мұндай жылқы өте қатерлі болады. Асау үйреткенде оның артқы жағына қамшы ұрмайды. Қамшыны қос қабаттап алып, тек мойнына қағып, қақпайлап жүріп бас үйретеді. Асауды алғаш үйреткен кезде артына, сауыр сербегіне, бауырына қамшы тисе, құйрығын көтеріп шыжбақтайтын жаман әдет қалыптастырады. Бұл әдет өмірі қалмайды. Құйрығын шыжбақтатқан атты қазақ халқы ұнатпайды, – дейді Дәулет Мажитов.

a0b4d79a-ca05-4cbc-be47-ded891dad7d5

Жүректі жігіттер ғана бақ сынайды Асау үйретудің маңызына тоқталар болсақ, асау үйрету адам денсаулығын күшейтеді. Асаумен арпалысу барысында асау үйрететін шебердің денесіндегі әр бұлшық еті, ішкі-сыртқы секреция бездері, буын мүшелері, сүйек бейімділігі, жүйке талшықтары, өзге де ағза жүйелері түгел жетіліп, соған бейімделіп шынығып-шыңдалып отырған.

b36e98ce-0a81-447b-85c2-9d3023e525c0

Мысалы: көздің көруі, құлағының естуі, тыныс жолы, ас қорытуы, қан айналысы, тіпті оның бәрін басқаратын орталық жүйке жүйесі болған үлкен мидың жетілуі де осыған байланысты күшейе түседі. Әрқандай дене қимылы осы үлкен мидың басқаруында болғандықтан, жүйке әрекеті барлық ағзаны әрекеттендіріп, шынықтырып, жетілдіріп отырады әрі сыртқы ортаға қарата үйлесу, сәйкес қабілетін күшейте түседі. Асау үйрету қимылында эстетикалық сұлулық, әсемдік мазмұн бар. Әдетте асауды да асаудай ержүрек азамат үйрете алады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан халқымыз ержүрек азаматтарын «жылқы басары бар…» деп даңқын көтеріп, биік бағалайтын болған. Бұл – жігіттерді ерлікке, қайсарлыққа баулитын, шапшаңдықты, қағылезділікті талап ететін, сайысқа толы дене тәрбиесінің аса маңызды бөлігі. Асауды көп шаршатпай, таң асырады. Шын бапкер асауды қант беріп, терін үгіп, сылап-сипайды. Суарады және жемдейді. Сөйтіп, тез-ақ қолға үйретіп алады. Әбден машықтанғанша асауды тек бір адамның бағып-күткені жөн.

                                                                                                               Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале