12.04.2017, 13:13
Оқылды: 16

«Өзіңнен баста!»

Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Өзіңнен баста!» жобасы аясында сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қиын жасөспірімдерді спорттық шараларға тарту мақсатындағы жиынға аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі және  білім беру бөлімі мамандары қатысты.

Кездесу барысында аудан орталығындағы есепте тұрған балаларды спорттық үйірмелерге тарту мәселесі талқыланып, сынып жетекшілерінің және спорт мектебінің жаттықтырушыларының сабақ кестелеріне сәйкес жасөспірімдер қазақ күресі, қол күресі, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ үйірмелеріне жазылды.

Аудандық прокуратураның прокуроры Райхан Мұқанова жасөспірімдердің көңілін спортқа аудару қажет екендігін, бұл бағытта аудандық білім беру бөлімі, ішкі істер бөлімі және спорт мектебінің арасында байланыстың жоқтығын, сондықтан, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін алға тартты.

Сондай-ақ отырыс барысында аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Жанаргүл Ғарифоллаева, аудандық білім беру бөлімінің жетекші маманы Іңкәр Есқазиева және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дулат Қоламанов өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Күн тәртібіндегі мәселенің түпкілікті орындалуын аудандық прокуратура бақылауға алып, тиісті мекеме басшыларына атқарылған шаралар туралы жазбаша ақпарат жолдауды міндеттеді.

Райымбек АБАЕВ

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале