7.01.2025, 23:05
Оқылды: 33

Озық ойлы қоғамды қалай қалыптастырамыз?

Таяуда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Аna tili» газетіне «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген тақырыпта берген сұхбатын оқып шықтым. Онда елімізде орын алған көптеген мәселелер көтеріліп, атқарылған жұмыстар, алдағы мақсаттар анық айтылған.

photo-output
Біздің өңірге де өз әсерін тигізген көктемгі тасқынға жете тоқталған. Мұндай алапат тасқынның Қазақстанда бұрын болмағанын айтып, мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдағанын және адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшіріліп, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленіп, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілгені туралы да жазған. Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалмады. Сондай-ақ үйлер салынып, пәтерлер беріліп, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілгені, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелгені атап өтілген.
2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алды. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргені көрініс тапқан. Әсіресе жастарға ризашылығын білдіріп, Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінгенін атап өтті. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылу керек екенімізді, тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін нақтылады. «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналдыруға шақырды. Осы орайда айта кетейін, былтыр аудандық прокуратура қызметкерлерімен Переметный ауылдық округінің Калинин ауылы Киров көшесі бойындағы ескі саябақты жинастырып, ол жерге 30-ға жуық жеміс ағаштарын отырғызған еді. Калинин ауылында тұрғындар мен ауыл балалары демалатын (велосипед, самокат тебу орны) орындар жоқ. Сондықтан аудандық прокуратура Калинин ауылындағы көлемі 1,2 гектардан аса жерді алып жатқан ескі саябақты қалпына келтіруді қолға алуды ұсынады. Ертең, көктем шыққан соң аудандық прокуратурамен бұл саябаққа 200-ден аса жалпақ және қылқан жапырақты ағаштарын егу жұмысы ұйымдастырылмақшы. Осындай іс-шараларға жергілікті тұрғындар белсене қатысып, өз үлестерін қосқаны дұрыс.
Мемлекет басшысы «заң мен тәртіп» қағидасына толығырақ тоқталып өтті. Жалпы бұл қағида құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдау дұрыс болмайды. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты, бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату емес, қағидат шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі, «заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, әділетті Қазақстанды құру, оны өркендеген мемлекет ету мүмкін еместігі туралы да сөзіне тиек етті. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет.
Тағы бір өзекті мәселе, қазақ тілінің қолданылу аясы, қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскені, шетелдіктердің де тілімізді үйренуге деген қызығушылығы күшейгені, қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп сұраққа да тоқталып өтті.
Иә, қазақ тілінің бәсекеге қабілеті бола бастағаны және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артқаны қуантады. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналып, жастарымыз оны меңгеруге ұмтыла, мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор болып санала, еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізе бастағаны да жақсылықтың нышаны. Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар, оның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұрғанын, ал қазақ тілі бұл топпқа кірмейтінін, ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтаған оқып та көңіліміз жай тапты.
Президентіміз жастар туралы жиі айтып, олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіріп келеді. «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қорыта айтқанда, бұл сұхбаттан Президент өзі атап өткендей елге терең ой салу және биылғы атқарылатын жұмыстарға тың серпін беретін үндеу болғаны анық.

Алмас Меңлібаев
Бәйтерек ауданының прокуроры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале