9.11.2018, 16:08
Оқылды: 53

Пәкістандық Jadoon Aimalkhan БҚО-ның алты ауданында дәріс бермек

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының және «Болашақ» қауымдастығының бірлескен «English for jastar» атты тегін ағылшын курстарын оқыту жобасы басталғалы Батыс Қазақстан өңірі бойынша 600-ге жуық мектеп оқушысын қамтыған. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында «Жас Отан» Жастар Қанаты БҚО филиалының кеңесшісі Ерлік Шамғалиев мәлімдеді.

«English for jastar» жобасы Сырым ауданында да өте жақсы деңгейде жүзеге асып жатыр.  Ж.Досмұхамедов атындағы педогогикалық колледжінің студенті Ару Мұсаеваның аудан орталығындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша кешенінде тегін ағылшын курстарын жүргізіп жатқанына екі ай болып қалды. Курсқа мектептің 7-10 сынып оқушылары қатысуда.

-Курсымыз өзінің нәтижесін бере бастады. Қазір оқушылар  ағылшын тілінде өздері туралы айта алады, суреттерді суреттей алады. Біздің басты мақсатымыз – курс қатысушыларына ағылшын тілін бастапқы деңгейде қолдануды үйрету және шетел тілін тереңірек меңгеруге ықыласын ояту. Болашақ педагог ретінде, ауыл балаларының білім алуға, тіл үйренуге деген құлшынысын ерекше бағалағым келеді. Олар мектеп бағдарламасындағы сабақтарынан бөлек, біздің курстарға да белсенді қатысып, тапсырмаларды орындап, ағылшын тілін мүмкіндігінше меңгеріп қалуға тырысуда. Бүгінгі күні Сырым ауданы бойынша 60 шақты оқушымен жұмыс жасап жатырмын,-дейді Ару Мұсаева.

Кеше Сырым ауданына Пәкістаннан Jadoon Aimalkhan есімді ерікті келді. Ол екі күн бойына «English for jastar» жобасы аясында сабақтар өткізіп, ауыл балаларына ағылшын тілін тәжірибе жүзінде қолдануға көмектеспек.

Пәкістандық еріктінің келуіне орай Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінде арнайы шара өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, «Жас Отан» ЖҚ БҚОФ менеджері Азамат Ізбасарұлы қатысты.

Оқырмандарымызға қызықты болу үшін айтайық, Jadoon Aimalkhan 1996 жылы Пәкістанда дүниеге келген. Өзі көпбалалы жанұяның баласы екен.  Жанұясы елдің астанасы Исламабад қаласының солтүстік жағында орналасқан Абботабад кентінде тұратын көрінеді.

Aimalkhan орта білімді Абботабад кентіндегі Кохат кадет колледжінде оқыған. Кейін Пәкістан ұлттық ғылым және технологиялар университетінде қаржы саласы бойынша жоғары білім алған.

-Пәкістанда жұмысқа тұрсам деп жүрген едім. Мені Қазақстандағы «English for jastar» жобасы қатты қызықтырды. Менің осыған дейін балаларға білім беру жағынан тәжірибем бар еді, сондықтан жобаға қатысу туралы ұсыныс бердім.

Астанаға өз басым ерекше сүйсіндім. Заманауи қаланың биік ғимараттарына сүйсінбесе болмайды. Қазір Қазақстанның ауылдарын аралап жүрмін. Маған саяхаттаған, жаңа мәдениетпен танысқан ұнайды. Ауылдардың халқы өте қонақжай екен. Сосын, қазақтарда етсіз дастархан жайылмайды екен. Қазақтың ұлттық асы – бесбармақ менің сүйікті асыма айналып үлгерді,-дейді бізбен әңгімесінде пәкістандық Jadoon Aimalkhan.

Айта кетейік, ағылшын тілін үйретудің қолжетімді әдісі - «English for jastar» жобасы Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық, Зеленов, Тасқала, Теректі және Бөрлі аудандарында жүзеге асып жатыр екен. Jadoon Aimalkhan алдағы уақытта осы аудандардың барлығында болып, оқушылармен жұмыс жасауды жоспарлап отыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале