1.03.2021, 9:58
Оқылды: 101

Пана болған еліме алғыс!

Бір тудың астына тағдыр тоғыстырған, көпұлтты Қазақстанның дәстүрін дәріптеп, тарихын құрметтеп, қонақжайлығы мен мәрттігіне алғыс айтатын күн бүгін. Қазақ халқы қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама ұлтқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек, артық айтқандығымыз емес.

ЧУВИЛЕВА1

Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, осынау дархан даладан пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз риза. Өйткені, олар қазақтан жылу, пана тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз Отаны деп санайды. Жергілікті халықтың тілін, дінін, ділін, дәстүрін сыйлайды. Мен де шаңырақ үлкендерінің әрдайым қазақ ұлтына деген шексіз алғысын естіп өстім. Содан болар, тілін де меңгеріп, бүгінгі таңда тәп-тәуір қазақша сөйлей аламын. Бұл менің қазаққа деген құрметім, бұл менің Қазақстанды Отаным деп қабылдауымның дәлелі.

Қазақ – әрбір ұлт мақтана бермейтін ерлігі бар халық. Түптеп келгенде бұл Елбасы айтқан ұлттық кодымызды сақтап қалуға жасалған қадамның алғышарттарының бірі. Аталмыш мерекенің де басты міндеті осы. Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға, барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық.

 

Александра Чувилева,

Теректі ауданы,

Богданов ауылының тұрғыны

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале