17.06.2024, 23:53
Оқылды: 64

Переметный ауылында «Алтын белгі» табыстау салтанаты өтті

Переметныйда мектепті үздік бітіріп жатқан түлектерге «Алтын белгі» табыстауға арналған салтанатты іс-шара өтті. «Болашаққа бір қадам» деп аталған кеште 24 түлекке аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімі атынан электронды сағат, түлектің аты-жөні жазылған мүсінше (статуэтка) және аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

IMG-20240617-WA0126

- Балғын балалық шағы өткен алтын ұя мектебімен үлкен марапатпен қоштасу көп шәкірттің арманы екені сөзсіз. Бүгінгі кешіміздің бас кейіпкерлері сондай деңгейге жетіп, ата-анасының мәртебесін, мектебінің беделін арттырып, үлкен өмірге қадам басуда. Өздерінің еңбектерінің арқасында осындай жетістікке жеткен түлектеріміз алдағы уақытта да баршамызды қуанатады деп ойлаймыз. Яғни алда жоғары оқуындарында білім алғанда, еңбекке араласқан кезде өздерінің озық ойларымен, нәтижелі істерімен де тең құрбыларының алды боларына сенеміз. Түлектерімізге ақ жол тілей отырып, қай жерде жүрсе де, қандай қызмет істесе де, туған жерін, білім нәрімен сусындағы мектебін, тәлімін алған ұстаздарын ұмытпаса екен дейін. «Алтын белгі» иеленіп отырған түлектердің ішінде Қадыр Мырза Әлі мектебінің шәкірті Зейнеп Қамидоллаева Түркиядағы, ал Дариян орта мектебінің түлегі Миржан Өскентауов Ресейдегі ЖОО-ларға гранттық негізде оқуға түскендері қуаныш. Осыдан-ақ ауданымыздағы білім деңгейінің жоғары екенін көруге болды,-деді іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

IMG-20240617-WA0128

Содан соң түлектер атынан сөз алған Асан мектебінің шәкірті болған Дильназ Жауынбаева мен Переметныйдағы Камен орта мектебінің ата-анасы Әлия Шишацкая осындай жоғары деңгейде салттанатты іс-шара ұйымдастырып, құрмет көрсеткендері үшін аудан әкімдігіне, аудандық білім бөліміне, өз мектептеріне ризашылықтарын білдірді.

IMG-20240617-WA0130

Білім ұялары ішінде ең көп «Алтын белгі» алған Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінің оқушылары. Соңғы бес жылдан бері «алтын түлектер» тұрақты түрде шығып келе жатқан мектепте биыл екі ерекше аттестат алғандар да бар. «Мұндай жетістікке жетудің өзіндік сыры да жоқ емес,-дейді білім ұясының директоры Нұрсәуле Талипова.-Біз оқуда үздік болып жүрген шәкірттерді әрдайым назарда ұстаймыз. Олармен жұмыстануға мән береміз. Ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынаста боламыз. Мектепке мықты мұғалімдерді жұмысқа тартуға тырысамыз. Міне, бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде».

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале