8.07.2024, 22:53
Оқылды: 148

Переметный ауылында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шара өтті

Ұлттық домбыра күніне орай Переметный ауылындағы Домбыра ескерткіші алаңында «Нағыз қазақ – домбыра» атты мерекелік кеш өтті. Жиналған жұртшылыққа қазақтың қасиеті дарып, бабалар үні төгілген киелі аспап атауының шығу тарихы таныстырылып, бауырлас халықтар тіліндегі атауы, добыраның жасалу жолдары, әр өңірдегі ерекшелігі турасында мол мағлұмат келтірілді.

IMG-20240708-WA0054

Айту керек, биыл күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Осыған орай мерекелік кеш көрігін Құрманғазының төкпе күйлері қыздырып, жиылғандарға айрықша рух сыйлады. Сонымен қатар сахнада халықтық «Шежіре» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Абылай ханның күйі «Шаңды жорық», Б.Әбеновтің күйі «Желдірме», Аслан Ғизатовтың орындауындағы авторлық күйі «Жалынды Бәйтерек», Қ.Ахметдияровтың күйі «Қуаныш», Айнұр Өтеулиева, Тоғжан Әсетова орындаған Е.Үсеновтің күйі «Кербез сұлу», Түркештің күйі «Көңілашар» көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал ансамбльдің сүйемелдеуімен Артур Сейсенов, Мейірбек Жанболат әуелеткен халық әндері «Атажұрт», Тахмина Сағынбай шырқаған Ғ.Құрманғалиевтің әні «Ақерке» және Айдана Әжіғалиева нақышына келтіре төгілткен «Халқым-ай» туындылары да көпшілікті серпілтіп тастады.

IMG-20240708-WA0051

- Домбыра – қазақ халқының қасиетті де қастерлі ұлттық аспабы. Ол әр қазақтың шаңырағының ғана емес, жүрегінің төрінде сақталуы тиіс. Сол арқылы өткен мен бүгін қауышып, ұрпақ бойына салт-дәстүр сабақтастығы, ұлттық әдеп дариды. Бабаларымыз қуаныш-қайғысын күймен жеткізген. Қос ішектің құдіреті де осында деп білемін. Сондықтан ұлттық нышанымызды дәріптейтін – ұлық мереке құтты болсын! Әр әулетке құт-береке дарып, өскелең ұрпағымыз ұлттық мұрамыз бен күй-маржандарына сусындап өссін!-деді осынау игі іс-шарада сөз алған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова.

IMG-20240708-WA0053

Кеш барысында БҚО мәдениет басқармасының басшысының Алғысхатымен халықтық «Шежіре» фольклорлық ансамблі (жетекшісі А.Ғиззатов) және республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, әнші Мейірбек Жанболат марапатталды.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале