Переметный ауылында «Жемқорлыққа қарсы мобильді топ» деп атау алған жоба аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, аудан прокуроры Алмас Меңлібаев, заңгер, жеке сот орындаушылары және бірқатар мекеме басшылары аудан тұрғындарын жеке сауалдары бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, субсидия алу тәртібі мен мерзімі, оған қойылатын талаптар турасында сұрақтар түсті. Сонымен қатар, жер мәселесі де өзекті тақырыптардың бірі болды. Тұрғындар шабындық және жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне, кейбір кәсіпкерлердің жер алып, оны пайдаланбай отырғанына шағымданды. Мемлекеттік сатып алуға қатысты да бірқатар мәселелер көтерілді. Атап өтсек, конкурсқа қатысып, жеңіске жете алмау себептері, жеңімпаз тарапынан міндеттемелердің орындалмауы және конкурстық комиссия шешімдерімен келіспеу жағдайлары сөз болды.
Превенция басқармасының басшысы шағымданушы жеке кәсіпкерге егер ол «Е-Өтініш» порталы арқылы жазбаша түрде арызын жолдаса, агенттік тарапынан аудиттік тексеру жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, конкурс нәтижелері бойынша шағымдар 5 жұмыс күні ішінде берілуін, кейін олар заң аясында қаралатынын мәлімдеді.
Переметный ауылының тұрғыны, «Яңарыш» ҚБ жетекшісі Юлия Яфарова қабылдауға өзінің бірқатар ұсыныс-сауалдарымен келді. «Бізді, яғни үкіметтік емес ұйым секторы ретінде түрлі іс-шараларға, жобаларға жұмылдыра аласыз. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру балабақшадан, яғни бала кезден басталуы керек. Балалардың санасына осы ұстанымды ерте жастан сіңіру қажет. Превентивті шаралар балалардың жас ерекшеліктеріне сай түсінікті әрі қолжетімді форматта жүргізілуі тиіс деп есептеймін. Осы бағытта сізге қандай қолдау көрсете аламыз?», - деп сұрады ол.
Азаматтық қолдауына ризашылық білдірген Біржан Хайруллин белсенді азаматтар ұсыныстарына ашықтығын айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер мен қоғам белсенділері үшін түрлі жобалар бар екенін айтты. Мысалы, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруге болмайтынын білмейді. Тіпті туған күнінде жұмыс уақытында сыйлық беру — заң бұзушылық. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік емес, кейде қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ өткен жылы барлық ауданды, ондағы ірі елді мекендерді аралап шықты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанда 5 ауданда қабылдау өткіздік. Екінші тоқсан басталғалы Теректі ауданында болдық, енді Бәйтерекке келіп отырмыз.
Былтырдан бері біз аудан орталықтарымен қатар Дариян, Достық, Байқоныс сияқты ірі ауылдық округтерге де барып жүрміз. Себебі ауыл тұрғындарының аудан орталығына арнайы келуге мүмкіндігі жоқ екенін жиі естиміз. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға тегін құқықтық кеңес беру арқылы еліміздегі заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылықты арттыру,- дейді Біржан Марданұлы.
Аудан прокуроры Алмас Меңлібаевтың айтуынша, өткен жылы аудан прокуратурасының араласуымен жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Бір азаматқа қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды.
Аталған дерек бойынша биыл наурыз айында сот үкімі шығарылып, бұрынғы жер қатынастары бөлімінің басшысы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енбеген. Қазіргі таңда бұл іспен байланысты тергеу және талдау жұмыстары жалғасып жатыр.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы