25.01.2025, 18:00
Оқылды: 26

Переметныйда Жұмысшы мамандықтар жылының ашылу салтанаты өтті

Переметный ауылында «Адал азамат - адал еңбек - адал табыс» деген атаумен Жұмысшы мамандықтар жылының ашылу салтанаты өтті.

IMG_20250125_121736_905

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Соған орай ұйымдастырылған іс-шара қоғамда еңбек адамының беделін артыруды, жастарды жұмысшы мамандықтарға тартуды және еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді насихаттауды мақсат тұтты.

IMG_20250125_121743_209
Жиналғандар білім беру ұйымдарының көрмесімен танысқаннан соң кеш шымылдығы "Алтын дән" қойылымымен ашылды. Онда төл тарихқа тағзым, адал еңбекке құрмет көрініс тапты. Одан кейін болған құрылысшы, дәнекерлеуші, теміржолшы, механизатор, диқан, бағбан, сауыншы, аспаз, монтер сынды жұмысшы маман иелерінің шеруі шараның шырайын келтірді.
-Жалпы күнделікте өмірде істеп жатқан істің басы-қасында жұмысшы қауым өкілдері жүреді. Мысалы, көшеде келе жатып айналадағы қоқымдарды көрсек, оны жинайтын жұмысшының жоқ екені ойға оралады. Ал мемлекеттік қызметте бір-екі адамның жоқтығы байқала бермейді. Міне, айырмашылық қандай?! Бүгінде көп ата-ана балаларының ЖОО-да оқып, жоғары білімді маман болғандарын қалайды. Бұл бір жағынан дұрыс сияқты, ал ертең ол баласына алған біліміне сай жұмыс табыла ма? Оны ойлап жатқандар аз. Десе де нарықта жұмысшы мамандыққа деген сұраныс көп екенін ата-аналар біле бермейді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында комбайншы мен механизатор тапшы. Олардың жалақылары өте жоғары. Ертең көктем басталған соң ауыл тұрғындарының малын бағатын адам таба алмаймыз. Олардың да айлығы аз емес. Осыдан-ақ жастарымыздың сондай жұмыстарды жасауға арланатынын байқауға болады. Бұл дұрыс емес. Әрбір адал еңбек құрметке бөленеді, оны ақысы берекелі болады. Жалпы ел экономикасының көтерілуі де осы жұмысшы тапқа байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн, - деген аудан әкімі Марат Тоқжанов Жұмысшы мамандықтар жылының символдық кілтін жұмысшы мамандарға табыс етті.

IMG_20250125_121628_714
Өз кезегінде сөз алған ауылшаруашылық саласының ардагері Шоқан Берекетов жұмысшы мамандық иесі болғанына еш өкінбейтінін жетікізді. Оның сөзінше, еңбек жолын 1976 жылы ауылда көлік жүргізуші болып бастаған. Трактор, комбайн айдады. Ешкімнен кем болған жоқ. Қайта жұмысшы мамандықтың өкілі ретінде құрметке бөленді, ел-жұртқа сыйлы болды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Жастар да осы бағыттағы кәсіпті таңдаса өкінбейтіні анық.
Кеш аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале