Теректі аудандық мәдениет үйінде «Ата салтым — асыл мұрам» атты шара өтті.
Ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді дәріптеуді мақсат тұтқан өнер додасына 15 ауылдық округтің тұрғындары қатысып, бақ сынады.
Әділқазылардың құрамында аудандық Достық үйінің директоры Гүлмира Қошанова, мәдениет саласының еңбек ардагері Гүлнар Әубәкірова, әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Айгүл Қайровалар болғанын айта кеткен жөн.
Шара барысында сөз алған Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллин қатысушыларға жылы лебізін арнады.
Әр ауылдың атынан келген қатысушылар «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсау кесу», «Ерулік беру», «Тоқымқағар», «Сүндетке отырғызу», «Сырға салу», «Табалдырық аттау», «Түйе мұрындық», «Ақсүйек», «Бастаңғы», «Енші беру», «Беташар», «Абысын ас», «Атастыру» сынды салт-жоралғылар көрсетті. Сонымен қатар ұлттық тағамдарды ұсынып, өнерден шашуларын да шашты.
Сайыс нәтижесінде, Подстепный ауылының өнерпаздары дайындаған көрініс үздік деп танылып, 1-орынға ие болды. Жүлделі 2-орынды новопавловтықтар, ал үшінші орынды приречныйлықтар иеленді.
Барлық қатысушыларға алғысхат пен бағалы сыйлықтар берілді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz