19.10.2024, 9:30
Оқылды: 174

«Погонды қызметке ұрпақтар сабақтастығын жалғаушы ретінде келдім» – сырымдық құтқарушы

19 қазан – Құтқарушылар күні

Құтқарушылар – көзсіз батырлар. Олар сын сағатта тәулік бойы үйдің бетін көрместен жүреді. Олар үшін бастысы өзінің жағдайы емес, адамның амандығы. Адамды құтқару – абыройлы іс болғанымен, өзінің өмірі де бәске тігілетін күндер де жоқ емес. Жазда өртті болдырмау, күзде жылыту маусымына дайындық, қыстыгүні адамдардың боранды, аязды күндері далаға, жолға шықпауын қадағалау, көктемде су тасқынына дайындық, тағы басқа осы тектес жұмыстары жетіп жатыр. Бұл жұмыстар жылдың төрт мезгілінде де құтқарушылардың босаңсуына жол бермейді. Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Арман Қыдырсихов аталған жұмыстардың бел ортасында жүреді.

IMG-20241016-WA0148

Арман Серікұлы Жымпиты ауылында дүниеге келіп, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті бітіріп, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінде «дене тәрбиесі» мамандығы бойынша оқыды. Одан кейін Көкшетау техникалық институтынан «өрт қауіпсіздігі» мамандығын алып шықты. Алғашқы еңбек жолы Қаратөбе аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің лейтенанты қызметінен басталды.

2023 жылдың қысында қатты бір алай-дүлей боран болды. Дым көрінбейді. Сол күні төтенше жағдайлар бөліміне қоңырау түсіп, жолда қалған жолаушыны құтқару міндеті алдында тұрды. Көмек сұрап, қоңырау шалған азамат «Дәден ата–Жұмағазы хазіреттің қасындамын», - деді.

Авраиялық-құтқару тобы дереу «УАЗ» көлігін ерттеп мініп, жолаушыны құтқаруға атқа қонды. Дәден атаның басына жақындап, әрі іздеп, бері іздеп, көлікті адамды таба алмады. Көмек сұраған адамға қайтадан қоңырау соқса, телефоны сөндірулі. Енді қайтпек керек? Адамды аман алып қалу керек. Үскірік боран болса, үдеген үстіне үдеп барады. Қай бағытқа жүру керек? Қысылтаяң сәтте Арман Серікұлы шешім қабылдап: «Дәден атаның қасындамын деді ғой. Дәл кесенеге қарай барайық», - деді әріптестеріне. Межелі жерге жету де оңай болмады. Осқырынған «УАЗ» да омбылап, қиналып-қиналып, батып қала берді. Ысқырып тұрған бет қаратпайтын боранда көлікті шығару да оңай емес. Сөйтіп, әзер дегенде жетті. Жеңіл көлікпен жолда қалған 20 жасар Қаратөбенің азаматы екен. Көліктің іші жылы деп, киген киімі де жұп-жұқа. Қатты тоңып қалғаннан сөйлей алмайды. Телефонының қуаты да таусылыпты. Сырымдық төтеншеліктер оны өздерінің машинасына отырғызып, аяқ-қолын ысқылап, массаж жасап, бойына қан жүгіртті. Ыстық шай ішкізіп, қалың киімдерін кигізді. Көлігін шығарып берді. Содан кейін ғана жолаушы  қимылдап, тілге келді. Асфальттың үстімен зырлап, ауылға жете қоямын деп ойлапты. Боран тұрып жолда қаламын деп мүлдем ойламаса керек. Боран тұрып кеткен соң, Дәден атаның кесенесіндегі қонақүйге қона салайын деп, жолдан түсіп, бұрылады. Машинасы тұрып қалып, телефоны да өшеді. Жолда қалған көршілес ауданның азаматы өзін аман-есен тауып, өмірін сақтап қалған сырымдық төтеншеліктерге алғысын жаудырып, үйіне жетті.

IMG-20241016-WA0151

Су тасқыны кезінде Арман Серікұлы штабта қызметте болды. Мұз кептелісі болған жерлерді бақылауда ұстады. Көздіғара елді мекенінде жолды су шайып,  халық қатынассыз қалды. Ел болғасын қажетіліктері, сұраныстары болады. Штабпен байланыс ұстап, төтеншеліктер мен ресурстық орталық ұжымы Көздіғараға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізді. Жүкті әйелдер, науқастар судың бергі бетіне шығарылып, аудан орталығына тасымалданды.

Су тасқыны кезінде сырымдықтарға көмекке Алматы қаласынан 50 адам, Орал қаласынан мотопомпаларымен бірге бірнеше азаматтар шақырылды.

Арман Қыдырсиховтың айтуынша, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өртті болдырмау мақсатында ғимараттың өрт сөндіргіш құралдарын, дабыл жүйесі, адамдардың өрт кезіне дайындығын қадағалайды. Әлеуметтік нысандар, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, әлсіз топтар – ең бірінші кезектегі назарда. Тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздігі, су тасқыны кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдын ала ескертіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Биыл Қособа, Бұлдырты, Жымпиты, Өлеңті ауылдарында дамба жасалып жатыр. Судың басуы негізінен жерге қатқан тоңның қалыңдығынан болады. Тоң 1 метрге жуық қалың болса, су тасқыны қаупі бар деген сөз. Ауладағы қарды сыртқа шығару да – су тасқынының алдын алудың бір жолы. Бұған тұрғындар бейжай қарамағаны дұрыс.

IMG-20241016-WA0150

Бүгінде Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бес адам еңбек етеді. Олар – бөлім бастығы, бас маман, аға инженер, инженер және тергеуші. Мекемедегі азаматтар бес саусақтай бірігіп, жұмыс жасап жатыр. Ел басына күн туса, бәріне бірдей күш түседі.

Погонды қызметке мен ұрпақтар сабақтастығын жалғаушы ретінде келдім. Менің атам Ғайса Қыдырсихов та, әкем Серік Қыдырсихов та полиция қызметінен зейнетке шықты. Үш әпкемнен кейінгі атамның көре алмай армандап кеткен ұл немересі екенмін. Сол себепті есімімді Арман деп қойса керек. Атам мен әкем жүрген жол, қызмет болғандықтан, өз мамандығымды сүйемін. Алғашқы мамандығым – спортшы.  Әке жолын қуу үшін Көкшетауға аттандым. Мен білім алған Көкшетау техникалық институтына 1 000 үміткер тапсырса, соның 70-80-і ғана оқуға түседі. Спорт шеберлігіне үміткер болғандықтан, нормативтерді еш қиындықсыз орындап, оқуға түстім. Оқумен қатар спортқа, жайдарман клубына қатысып, белсенді болдым. Нұрлан Қоянбаевтармен бірге ойнап, «Үздік ойыншы» атандым, - дейді кейіпкеріміз.

IMG-20241016-WA0162

Айта кетейік, Арманды тоғыз ай құрсағында көтеріп, өмірге әкелген анасы Любовь апа да – елге сыйлы жан. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шықты.

Арман Ақтөбенің аруы Ақеркемен Орал қаласында танысып, өзіне өмірлік жар етті. Бүгінде екеуінің Айсұлтан, Дінмұхаммед есімді ұлдары бар. Кішкентай бүлдіршіндер әкесінің кубок, медальдарына, қызметтік формасына қызығады екен. Арман ұлдарының да ата, әке жолын қуып, шенді қызметте болғанын, елге қызмет еткенін қалайды.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале