28.09.2020, 14:36
Оқылды: 70

Праймериз: ақиқат па, аңыз ба?

Тамыз айының орта шенінен бастап қоғамға «праймериз» дейтұғын бұрын естімеген ұғым ене бастады. Ал қазіргі таңда «праймеризбен ұйықтап, праймеризбен оянамыз». Жалпы, ел ішінде қызу талқыға түскен бұл нендей нәрсе, қоғамда абырой мен беделге ие азаматтар «Мен праймеризге барамын» деп неге аттандап жүр?! Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Praimeriz

Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы «іріктеу» деген ұғымды білдіреді. Кейде «алдын ала сайлау» немесе «алдын ала дауыс беру» деп те атайды. Яғни жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды.

Ең алғаш партиялық ішкі сайлау 1842 жылы АҚШ-та өтті. 1901 жылы Флорида штаты тұңғыш праймериз өткізіп, сол жылы бұл ұғым заңды түрде қабылданды.

Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Батыс елдерде праймериз ашық және жабық түрде өткізіледі. Ашық түрде кез келген адам дауыс бере алса, жабық түрдегі праймеризде тек партия мүшелері ғана дауыс бере алады.

Елімізде «Nur Otan» партиясы (сынамалы іріктеуді есептемегенде) алғаш рет праймериз өткізуді қолға алды. Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында жүзеге асады.

Міне, еңкейген кәріден жүгірген балаға дейін «праймериз» деп шапқылауының себебі осы-мыс.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, елдің барлық облыстарында іріктеу жүргізіледі. «Nur Otan» праймериз өткізудегі мақсаты – қатарын адуыны мықты жас мамандармен, ел қалаулыларымен толықтыру. Сайлауға өз аймағында сөзі өтімді, беделге ие азаматтар қатыса алады.

Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерге тек өз аймақтарының жерлестері ғана дауыс бере алады.

Осы орайда "Nur Otan" партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отыр. Саяси технологиялық тәсілдің де басты мақсаты – негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, праймериз дегеніміз партия ішіндегі айтыс. Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсынастары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі. Партия басшылығының жоспары бойынша праймериз нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленбек.

Сондай-ақ алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Яғни, партия тізімімен түсетін кандидаттар арасында әйелдер мен жастардың үлесі 30% болуы шарт. Бұл – келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін әйелдердің көптеп көретіндігіміздің кепілі.

Елді елең еткізген саяси оқиға Теректіні айналып өтпесі ақиқат. Бүгінгі таңда партияішілік сайлауға дайындық қызып тұр. Кандидаттардың өтініштері қабылданып, олар бағдарламаларын жасақтап, аудан халқымен кездесулер өткізуде. Күні кеше праймериздің ажырамас бөлігі - кандидаттар арасында пікірсайыстар басталды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирхат Ибраевтың да пікіріне көзайым болайық.

– Аудан бойынша праймеризге 28 үміткер қатысып жатыр. Олардың арасында аудан, облыс көлемінде сыйлы азаматтар, көпбалалы аналар, шаруа қожалықтары өкілдері,  білім беру саласының қызметкерлері және жалынды, креативті жастар бар. Олар өз бағдарламаларын аудандағы партия мүшелеріне таныстыруда. Пікірсайыстар да басталып кетті. Қарқын жаман емес. Жалпы алғанда Теректі ауданы праймеризге сақадай сай дайын, енді қазан айының 1-і мен 3-і аралығында аудандағы партия мүшелері өз таңдауын жасай алады, – дейді Мирхат Мақсотұлы.

Айта кету керек, еліміздегі ахуалға байланысты кандидаттарға дауыс беру онлайн форматта өтеді. Ол үшін «Праймериз» қосымшасын жүктеп, тіркеуден өтсеңіз жетіп жатыр.

Ия, кандидаттардың қарқыны көз сүйсінтеді. Олар құр уәде беруден аулақ. «Мен үйтемін, мен бүйтемін» деп сайрап тұрғандар жоқ. Ол да жақсы шығар. Себебі халық, жалаң уәдеден шаршады. Праймериздің ашық өтуі де қарапайым тұрғындар тарапынан қолдауға ие болып отыр.

Праймеризге қатысушы, «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов осы ашықтық үшін ғана саяси додаға қатысуға бел буғанын айтады.

– Осындай ашық науқанның Қазақстанда ұйымдастырылуы - демократиялық  мемлекет екеніміздің айқын көрінісі. Мұндай дода Ұлыбритания, Канада, Франция секілді мемлекеттерде жүйелі түрде жолға қойылған. Праймериздің өтуі елімізді жаңа белеске шығарып, тың серпін береді. Елге өз ойын ашық айта алатын, қоғамға берері бар, озық ойлы саясаткерлердің буынын сыйлайды бұл науқан. Мен үшін праймериз өз күшімді сынап көруге, азаматтық позициямды ашық білдіруге берілген мүмкіндік, – дейді Сержан Серікұлы.

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллин де праймеризге қатысуды құп көріпті.

–  Бойда жігер барда, ел үшін қызмет жасаймын деген ниет барда  қарап қалуға болмайды. Халықтың сенімін қайта оятатын жаңа буын үшін праймериздің біздің елімізде өтуі – жақсы жаңалық. Осы жақсылық қалыпты үрдіске айналады деп сенемін. Қазір сайлауалды бағдарламамды дайындап, аудан орталығынан алыс жатқан ағайынмен жүздесуді қолға алдым. Халық емен-жарқын жүздесуге сусап қалған. Елдің батасын алып, тәуекел деп додаға қатысудамын, – дейді жас һәм жалынды басшы Арман Рахметоллаұлы.

Бағамдап отырсаңыздар, кандидаттар арық сөйлеп, семіз шығуға бекінген. Үйіп-төгіп уәде бергеннен гөрі, қысқа қайырып, іспен дәлелдеуді жөн санап отыр. Барлық кандидатпен әңгіме өрбіту мүмкін емес, алайда аудан айнасы осы саяси науқанның өту барысын әлеуметтік желілер арқылы теректіліктерге жеткізуді жолға қойды.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні, праймериз - ел үшін ерекше оқиғаға айналып үлгергенін жасыра алмаймыз. Көбі мұны ашықтық пен еркіндік деп бағаласа, азы «Nur Otan» партиясының әдемі шоуы деп бағалауда. Түрлі адам - түрлі пікір. Ашық сайлау дегенің ақиқат па, әлде жай аңыз күйінде қала ма? Оны уақыт көрсетер.

 

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале