Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев бүгін Бөрлі ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудандық Мәдениет үйінде болған кездесуді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жүргізіп, жүдесудің мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің Қазақстан халқына биылғы Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру екенін айтты.

Кездесуде Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, одан әрі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков, аудандағы «Дент АРТ» тіс емдеу емханасының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Алма Елеусінова Жолдауға қолдау білдіріп, оны жүзеге асыруда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.

Ал Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөйлеген сөзінде осы Жолдауға жан-жақты талдау жасап, сонда айтылғандай, енді осы үш жылда елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру үшін халық болып күш-жігерімізді жұмсауға шақырды.

Сонымен қатар, Мәлік Нұржанұлы аудан көшелерін аралап, бірқатар тыныс-тіршілігімен танысқандығын айта келіп, ауданымызда атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
