28.12.2021, 9:00
Оқылды: 69

Пятимарым – аймекенім,  ыстықсың, сен маған!

Көшім жылқысымен Кеңес одағына аты мәшһүр болған Пятимар ауылына  90 жыл толып отыр. 1931 жылдың наурыз  айында бұл жерде  С.Буденный атындағы жылқы зауыты құрылған. Шаруашылықтың одан арғы тарихы оның іргетасын қалаған Мәскеуден, СОКП-ның ұйғарымымен «25-мыңыншылардың» легімен келген коммунистердің бірі Андрей Степанович Борисовпен байланысты. Жақындап қалған жойқын соғыстың ызғарын сезді ме екен, Кеңес үкіметі бұл кезде әскердің дайындығына баса көңіл бөле бастаған. Сондықтан шаруашылықтың негізгі міндеті  -  Қызыл армияға мінетін және   жегетін жылқы малын өсіру деп белгіленді.

7B69C197-9F5D-455F-B18A-5041A0115B94

ХХ ғасырдың үлкен трагедиясына айналған сол соғысқа менің кішкентай ғана ауылым үлкен көмек берген. Ал  бес жылда Пятимар ауылынан Ұлы Отан соғысына жалпы нобайы 1200-дей адам аттанған. Аталарымыз айтып отыратын: №51 Буденный атындағы зауыттан, яғни қазіргі Пятимар ауылы 1942 жылдың  4 сәуірі күні  500 жігітті  соғысқа шығарып салыпты. 500 жігіт! Жұдырықтай ғана ауылдан осыншама ер-азаматты сыпырып, соғысқа алып кеткенді көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Ауылда кім қалды дейсіз ғой? Иә, қариялар, қыз-келіншектер, бала-шаға ғана қалған. Ауылдағы барлық шаруа, төрт түлік малдың бағымы  сол жандардың нәзік қолдары мен балғын алақандарына қараған ғой. Сол кездегі 15-16 жастар шамасындағы,  бүгінде  95 жасқа келіп, ортамызда Құдай беріп, аман жүрген Ұлмекен әжеміз асауды құлақтап мініп, аш құрсақ, жылқы баққан. Сол кезде 10-12 жастан еңбекке араласып, соғыстың мұқтажына жұмыс жасаған сол ұл-қыздарға кейін тыл ардагерлері деген атақтың берілуі, бұл бір өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын.

Отанды қорғауға аттанған азаматтардың жартысынан көбі майданнан елге қайтпады. Елге аман-есен оралғандар: Изтілеуов Хайрел, Абдолов Өтеғали, Аспанбетов Қайырлатип, Оспанов Танат, Сағынтаев Темірғали, Қайыров Қажыгерей, Камалов Сапар, Меңдіғалиев Семғали, Қалиев Муса, Измағанбетов Зейнекеш, Ибрашев Қоңырбай, Сапиуллин Г., Габдуллин Қайман, Айжарықов Дүйсенбай, Ерғалиев Құбай, Сатыбаев Мұтал, Ғұбашев Есмақ, Аспенов Уап, Байтақов Нұрхат, Валиев Қарағойшы, Төлепов Мәсәлім, Құрмашев Жұбан, Шакетов Сатыпалды, Гилятов Жексенбай, Тастемиров Қисым, Ажмұқанов Сисекен, Бисенғалиев Сәрсенғали, Байдекенов Имақ деген аталарымыз елге аман-есен келіп, ауылымыздың өркендеуі мен қалыптасуына өз үлестерін қосты.

Ауыл тарихына әрі қарай үңілсек, сол тұстардағы елеулі оқиғалардың бірі  - Пятимарға 1949 жылы Кеңес одағының маршалы Семен Михайлович Буденный екі мәрте келіп кеткен. Ауылды көркейту жөнінде өз ойларын айтып, жеке тапсырмалар берген сол кісінің айтуымен ауылға терек егілген дейді. Пятимар ауылының тоқсан жылдығы аталып өтуі қарсаңында мектеп жанынан ауыл тарихынан сыр шертетін  мұражай жасақталып, салтанатпен  ашылды. Онда  ауылдың жеткен жетістіктері  баяндалады. Солардың ең сүбелісі – ұзақ жыл бойы жылқы тұқымын асылдандырудың арқасында ғылымдардың, мамандардың, жылқышылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде  «Көшім» тұқымды етті және сүтті жаңа тұқымның өмірге келуі. 1976 жылы 13 қыркүйекте осы тұқымды шығарған   М.Борисов, Ю.Барминцев, А.Беляев, С.Рзабаев, А.Нұрғалиев, Б.Гұбашев сынды азаматтарға авторлық куәлік тапсырылған. Ал  1980 жылы 4 қазанда  Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен тура осы ағаларымызға Қазақ КСР  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген.

Еліміздің мәдениеті мен техникасының қарыштап дамуымен ауыл шаруашылығының техникаға ауысуымен жылқыға  деген сұраныстың кемуіне  байланысты жылқы совхозы таратылды. 1953 жылы  зауытымыз қой совхозына айналды. Шаруашылықтың мүмкіндігі мен табысын сақтау үшін Солтүстік Кавказдан биязы жүнді қой әкелінді. 1954  жылы №51 Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытына «Пятимар»  қой совхозы  деген жаңа атау берілді. «Пятимар» қой совхозының ұйымшыл ұйымы асыл тұқымды қой совхозы кезінде де жетістіктерге жетті. 1958 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылып, КОКП Орталық Комитеті, КСРО Министрлер Кеңесі, БЛКЖО Орталық Комитетінің Қызыл Туымен марапатталды.  1973-1976 жылдары ауыл шаруашылығындағы жетістіктері үшін Құрмет дипломымен де марапатталды.

1985 жылы жоспарлы жұмысты уақытынан бұрын сапалы орындағандығы үшін Бүкілодақтық социалистік жа­рыс жүлдегері атанып, 2-рет Қызыл Тумен наградталды.

1983-1986 жылдары  мал өнімдерінен өңдеуде жоспарлы жұмысты нәтижелі орындағаны үшін республикалық Құрмет дипломымен және Құрмет грамоталарымен наградталған. Шаруашылықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту барысында атқарылған еңбектері, малын бағудағы еңбектері үшін аға шопан, малшылар төл алудан  Хажетдинов Хамит, Қайыржанов Құмарғали Ленин орденімен, А.Нұрғалиев, Қ.Қайыржанов, Х.Изтілеуов, Л.Губашева, С.Арыстанов, механизаторлар  Н.Шәріпқалиев, Қ.Қалимулдин, автомобиль жүргізуші Ғ. Қанатбаев, С.Нұрхатов, бөлім меңгерушісі А.Хасанғалиев, оқытушы М.Лұқпанов, бас инженер К.Попов, аға шопандар Қ.Құрманғалиев, Ә.Қанатов, Б.Жұмағалиев, «Құрмет белгісі» орденімен  марапатталды. Сонымен қатар малды өз төлі есебінен көбейтудегі еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен аға малшы Нұрманғалиева Айсүйрек,  1967 ж. А.Биляшев «Ұлы Октябрь Революциясы» орденімен,  А.Борисов, Б.Ғұбашев, Қ.Валиев, С.Сатқанов «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

Алдыңғы толқын ағаларымыз құрған, олардың ісін іліп әкеткен кейінгі лек – біздің  әкелеріміздің маңдай терлерімен өсіп, өркендеген Пятимар сонау өткен, 60-70-80-жылдарда республикамызға ғана емес, бүкіл Кеңес одағына аты шығып, дәуірледі. Шаруашылықта еңбек еткендердің қойшысы да, малшысы да, жылқышысы да шеттерінен ерен еңбектің шамын жаққан, нағыз шамшырақтар болды десек, еш қателеспейміз.  Бес жылдықтың балғасын солқылдата соққан олар еліміздің байлығын еселеуге, экономиканы нығайтуға  сол жылдарда өлшеусіз үлестерін  қосқаны  кәміл.

Ауылым өзінің өткен тарихына, жанкешті еңбегімен ерекше көзге түскен еңбеккерлерінің есімін ел есінде сақтауға әрдайым көңіл бөліп келеді. Осыдан әрі кеткенде бес жыл бұрын осы ауылда әдемі бір шара өтті.  Сол тойда шаруашылықты ұзақ жыл басқарған, Мәскеуден келсе де қазақтың ортасына судай сіңіп, тастай батқан орыстың перзенті Андрей Степанович Борисовке және  Гұбашев Бейсембі ағаларымызға ескерткіш тақта орнатылды. Ал осы кеше 90 жылдық тойланғанда, «Пятимар» асыл тұқымды жылқы зауытының 1982-1989 жылдары директоры болған Мүсір Айтасовқа ауылдық округтің әкімшілік ғимаратына ескерткіш тақта ілінді.  Осынау өркениетті шаралар – аға  буынның кешегі ерен еңбегіне тағзым болса, кейінгі ұрпаққа да өнегелі іс, ауыл тарихының біле жүрер бір парасы екендігінде сөз жоқ.

Өз басым сексенінші жылдардың орта шенінде мектеп жасында болсам да, естияр, жан-жақта болып жатқан жағдайларды түсінетін жаста едім. Сол кездегі адамдардың  ақжарқын  пейіліне, қайнаған еңбекке, барлық ауылдастар бір адамдай мал басын көбейтіп, шаруашылықты дамытуға  жан аямай қызмет атқарып жүргендерінің куәсі болдық. Бүгінде сол уақыттарды, жаймашуақ  балалық шағымды  әрдайым жылылықпен еске аламын.

1990 жылы орта мектепті тәмамдап, арман қуып қалаға аттандық. Студент атандық. 1996 жылы жоғары оқу орнын бітіріп,  ауылға келгенде мүлдем басқа жағдайға тап болдық. Ауылдың ажары мүлдем қашқан, шаруашылықтың  шаңырағы  шайқалған. Зейнеткерлікке шыққан ата-анам зейнетақыларын ұмытқан. Алмағандарына алты айдың жүзі болған. Ауыл астан-кестен, әркім білгенін істеп жүр. Кезінде аштықты да, тоқтықты да бір адамдай көрген анам жарықтық, «Апырмай, баяғы аштық заман қай­тып келгені ме, біздерді қойшы, сендердің күндерің не болады?» – деп уайымдайтын еді.  Ауылда жұмыс жоқ, жылу жоқ, жарық жоқ. Жоқ. Жоқ. Қайда барсаң да еститінің осы сөз. Ауылдың көркі - көк желек теректер отынға кесіліп жатыр... Әлеуметтік нысандар иесіз қалып, тоналып жатыр...

Тәуелсіздіктің сол бір елең-алаң шақтарындағы осынау көріністер мен елдің басындағы сол бір орасан зор ауыртпалықтарды мен өмірімде ұмытпаспын.   Иә, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болып жатты. Ақпарат құралдарынан нарықтық қатынас деген сөздерді жиі оқимыз, көреміз. Бірақ оның не екенін қарапайым  халық түсінбей дал. Ертең не болатынын ешкім білмейді. Жекешелендіру барлық жерде бірдей орын алса да, біздегі жағдай өте күрделі өтті. Халыққа мал тимегеннен кейін жұмыс жоқ, табыс жоқ, кейбір жанұялар тамақтан тарығатын жағдайға жетті.

Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмас»  деген сөз бар ғой... Балық аулады, шаян аулады.  Сөйтіп, күндерін көруге дейін жетті-ау, сол жылдарда... Кейін әйтеуір, мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлене бастады. Ол да болса, кәдімгідей көмек болды.   Мен сол тұста  жас маман, аудандық мәслихатқа депутат болып сайланғанмын. Ауданда өтетін актив жиналыстарға қатысатын едім. Сол жиналыстарда біздің ауылда қалыптасқан жағдай жиі айтылғанда, өз басым намыстанып, «әттең» –  деп отырушы едім.

Күндердің күнінде, сол кездегі аудан әкімі марқұм, Төлеген Тастайұлы Мерғалиев маған «ауылыңа әкім боласың» – деп,  Пятимардың тізгінін қолыма ұстатты. Бұл  2003 жылдың  5  наурызы болатын. Бір Аллаға сыйынып, білекті сыбанып,   кірісіп кеттік... Ең алдымен,  ауылға көгілдір отынды жеткізсем деп армандадым.  Алдымен ауылдың, көшенің жобасын жасаттым. Газ желісі ауыл іргесіне дейін тартылғанша қарап отырмай, ауыл ішіндегі оның құрылысын бастап кеттім. Бюджеттен  қаржы бөлдірмей-ақ,  орталықтан 10000 шаршы метрлік стадион салып бітірдік. Жартыжылдық жұмысымыз жоғары бағаланып, қазан айында өткен аудандық ауыл шаруашылығы күні мерекесінде ауданның үздік ауылдық округі деген атаққа ие болдық.

2004  жылы  ауылға көп жыл арман болған көгілдір отын келіп, ауыл халқы қуаныштан мәре-сәре болды. Сол жылы ауылда сәбилерге арнап балабақша, бөлімшелерден келіп оқитын балаларға жатақхана, 16  бөлмелі ауылдық дәрігерлік амбулатория, таза су жүйесі іске қосылды. Ауылда Алланың жердегі үйі – мешіт аштық. Бұл жылы да барлық атқарылған шаруаларымыз облыс әкімдігі тарапынан жоғары бағаланып, облыстағы 159 округке жұмыстарымыз дәріптелді. Әрине, біздің тындырған шаруаларымыз қай-қай жағынан да және уақытымен бағаланып, абыройға бөленіп жаттық. Бірақ мені сол кезде бір ғана мәселе – Пятимардың баяғы бағылан бай жылдарын қайтарсақ, шіркін дей­тін арман мазалайтын. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын көрген ауылдан бүгінде Пятимарым мүлдем өзгерген. Күнделікті тұрмысқа не қажет болса, соның жұмағы орнаған ауыл – ол! Көркіне көз тойдыратындай дәрежеге жетіп қалған. Осы бетімен иншалла, жүре берсе, баяғы алысқа кеткен атағы қайтып оралмауы мүмкін емес. Оған жеткізетін бұл ауылда еңбек сүйер әкелерден қалған ұрпақ баршылық. Олардың қолынан келеді!   Мен оған сенемін! Өңіріміздің әдемі ауылдарының қатарына қосылған Пятимар ауылының киелі топырағынан жаралғанымды ылғи мақтан тұтамын.  Сонау бір жылдарда ауылымыздың қайта жаңғыруына кішкентай болса да, үлес қосуды тағдыр маған бұйыртты деп жоғарыда айттым ғой.   Адам көңілі қызық қой, сол үлесіме іштей мақтанып, перзенттік парызымды орындадым-ау, – деп кейде өзімнен-өзім мадиық­танып отырамын... Торқалы тоқсанға келіп жатқан туған ауылымның тойы үстінде осылай бір сыр бөлісейін дедім. Той құтты болсын!

 Бауыржан Атауов,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале