12.04.2021, 14:51
Оқылды: 90

"Рамазан айының әр күнін ұйқымен емес, еңбек-біліммен, түнін тамақ ішумен емес, құлшылықпен өткізейік"

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланы атымен бастаймын!

Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллалаһу әләиһи уәссәләм) оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылмандарға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай!

2CF1E572-25D4-4D62-87B5-F95995913734

    Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл - сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Қазыбек би айтқандай, қазақ - «ешкімге тиіспей жай жатқан ел». Яғни қазақ – мінезі көркем мұсылман ел! Жұбан айтқандай, қазақ – «мың өліп, мың тірілген ел!». Демек, қазақ – Алланың сан сынағынан сабыры мен төзімінің, үміті мен сенімінің арқасында аман өткен ел. Жамандықтың артында жақсылық бар, сынақтың соңында сыйлық бар. Азаттық – Алланың берген жақсылығы, баға жетпес нығметі, құнды сыйлығы, асыл аманаты. Сол аманатқа қиянат қылмау, қызмет қылу – қазақ баласына парыз.

   Рамазан - он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін Қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да - Жаратушының пендесіне тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалық қажет етулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммед Мұстафадан қалған хадис: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иман мен сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деп тіл қатады, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді.

Ораза - сабыр мектебі. Әлемде шарпыған пандемия мешіттердің жұмысына да кедергі келтіруде. Алайда, иманды жүрек пен Алланың арасына ештеңе де түсе алмайды. Рамазан айының әр күнін ұйқымен емес еңбек-біліммен, түнін тамақ ішумен емес, құлшылықпен өткізейік!

Заманның сын сағатында Алла біздің Қазақ елін қолдасын! Ораза құтты болсын!

Әділхан Наурызбай,

Сырым аудандық мешітінің бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале