Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудандық «Қаратөбе өңірі» газеті редакциясының ардагерлері мен сала қызметкерлерін қабылдап, оларды мерейлі мереке Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
Мерекелік басқосуда аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы аудан айнасы боп саналатын, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етті.
Қаратөбе өңірінің жасампаз істерге толы шежіресі мен тарихын жазуға үлес қосқан аға буын өкілдерінің ерен еңбегіне ерекше басымдық берген Қадыржан Орынбасарұлы:
– Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары зор маңызға ие тегеурінді күш. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларды халыққа жеткізіп, рухани сұраныстарды қанағаттандырып жүрген журналистер қауымын қоғам ерекше қадірлейді. Шекпенінен шын мықтылар шыққан Шерхан Мұртаза: «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп тілшілердің жұмысына дәл сипаттама берген.
Кәсіби мереке қарсаңында ауданымыздың, қала берді облысымыздың тарихында өзіндік орны бар аудандық «Қаратөбе өңірі» газеті елмен бірге түлеп, абыройы асқақ аудан айнасы, аудан тарихының алтын діңгегі деседе болады, - дей келе 90 жылға таяу газет тарихында өз еңбек жолдарын газетпен байланыстырған редакторлар мен белді қызметкерлердің өлшеусіз еңбектерін атап өтті.
Ардагерлер атынан сөз алған Еркінбек Жәнібеков, Альфия Мұхамедрахимова, Берік Қалкенов және баспаханада қызмет жасағанбірқатар ардагерлер сөз сөйлеп, ерекше құрмет көрсеткен аудан басшылығына зор алғыстарын білдіріп, редакция ұжымын мерекелерімен құттықтады.
Дастарқан басындағы жылы шырайлы мерекелік кездесуде газет ардагерлері қызмет бабындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, ардагерлер мен тілшілерге аудан әкімі атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz