15.09.2026, 15:30
Оқылды: 11

Республикалық ардагерлер ұйымының басшысы Қазталов ауданында болды

Республикалық ардагерлер ұйымының басшысы Казталовта болып, аға буынның қоғамдық миссиясы мен ұрпақ тәрбиесіндегі орнын бағамдады.

image-15-09-26-12-58-9

Елдің өткені мен бүгінін жалғап тұрған рухани көпірдің бірі – ардагерлер. Өмірдің талай белесін көрген, елдік кезеңдердің куәсі болған аға буынның тәжірибесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда және жас ұрпаққа бағыт беруде айрықша маңызға ие. Осыны негізге алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі де аға буынның әлеуетін қоғамдық игілікке бағыттауды басты міндеттерінің бірі санайды.

Осы мақсатта «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов пен Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Асланбек Сарқұлов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов қарсы алып, құрмет көрсетті.

image-15-09-26-12-58-3

Жұмыс сапары барысында Әбілғазы Қалиақпарұлы аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысып, аға буын өкілдерімен кездесті. Басқосуда ардагерлер ұйымының қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және мемлекеттік саясатты қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Әбілғазы Қалиақпарұлы ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттырудың маңызын айта келіп, аға буынның Мемлекет басшысына және елде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатқа қолдау көрсетіп, халықты бірлік пен ынтымаққа шақырудағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды.

— Ардагерлер – қоғамның үлкен тәжірибесіне ие буын. Біз Мемлекет басшысына, елде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатқа қолдау көрсетуіміз керек. Ең бастысы – халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру. Елдің тұрақтылығы мен татулығын сақтау баршамызға ортақ міндет. Сондықтан ардагерлер ел ішіндегі мәселелерге бейжай қарамай, жастарға бағыт-бағдар беріп, қоғамдық бастамалардың бел ортасында жүргені жөн, – деді Әбілғазы Қалиақпарұлы.

image-15-09-26-12-58-4

Оның айтуынша, бұл жұмыс бір ғана мерекелік іс-шарамен шектелмеуі тиіс. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесін қоғамның нақты қажеттілігіне бағыттау маңызды. Осы ретте Орталық кеңес төрағасы ардагерлер ұйымының жұмысын мазмұндық жағынан толықтыратын жеті бағытқа тоқталды. Атап айтқанда, «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр», «Кітаппен келешекке», «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты», «Отбасы құндылықтарын дәріптеу», «Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік», «Жастар тәрбиесі – адал адам, табиғатты сүю және жасыл патриотизм», сондай-ақ «Зиянды әдеттермен күрес» бағыттарының әрқайсысы қоғамның рухани және әлеуметтік дамуы үшін маңызды екенін айтты.

— Осы жеті бағыттың түпкі мақсаты – тарихи санасы қалыптасқан, дәстүрін құрметтейтін, отбасын қадірлейтін, елін сүйетін, адал еңбек ететін азамат тәрбиелеу. Ардагерлер мұндай жұмыстың сыртында қалмай, жастармен тікелей жұмыс істеуі қажет, – деді ол.

image-15-09-26-12-58-5 (1)

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов кездесуде ардагерлердің қоғамдық өмірдегі белсенділігіне тоқталып, аудан көлемінде аға буынмен байланысты нығайтуға мән беріліп отырғанын атап өтті.

— Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Сондықтан біз аға буынмен байланысты тұрақты ұстап, олардың ұсыныс-пікірлеріне назар аударуға тиіспіз. Әсіресе жастар тәрбиесі, елді мекендердің қоғамдық өмірі, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағыттарында ардагерлердің әлеуеті мол. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, – деген аудан әкімі ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бүгінде Казталов ауданында 3271 зейнеткер, оның ішінде 2053 әйел және 1218 ер азамат тұрады. Сонымен қатар 56 тыл еңбек ардагері бар.

— Аудандағы 16 ауылдық округте бастауыш ардагерлер ұйымдары жұмыс істейді. 2025 жылдан бері олардың қызметі жеті көрсеткіш бойынша бағаланады. Олар: баспасөзге жазылу, спорттық шаралар, ауыл тазалығы, жастармен кездесу, қоғамдық мәселелерді талқылау, еңбек адамдарын ұлықтау және әлеуметтік жобаларға қатысу. Бұл талаптар ардагерлер ұйымының қызметін есеп үшін өткізілетін шаралар шеңберінен шығарып, ауылдың күнделікті қоғамдық өмірімен байланыстыра түсті. 2025 жылдың қорытындысында үздік жұмыс көрсеткен ұйым төрағалары да ынталандырылды. Қараоба ауылдық округінің төрағасы Қайырболат Қизағалиұлы І орын алып, «Ақжайық» шипажайына жолдама иеленсе, Талдыапан мен Қарасу ауылдық округтерінің төрағалары ІІ және ІІІ орындарға ие болды, — деді аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын баяндаған Жүсіп Ғабдылханұлы.

Әбілғазы Құсайынов аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына оң бағасын берді.

image-15-09-26-12-58-2 (1)

Ардагерлердің елдік ұстанымы олардың өткендегі еңбегімен ғана өлшенбейді. Бүгінгі қоғамдағы тұрақтылыққа үн қосуы, мемлекеттік саясатты қолдауы, жастар тәрбиесіне араласуы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі де азаматтық қызметтің жалғасы. Бұл ретте ардагерлер ұйымының тәжірибесі де көңілге қонымды. Өйткені мұнда ардагерге құрмет көрсету мен оның қоғамдық белсенділігін ұштастыруға басымдық берілген.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале