Биыл 25-қазан Республика күні елімізде алғаш рет ұлттық мереке ретінде атап өтілмекші. Қазақстандықтардың мәртебелі мерекесі саналатын бұл күн сырымдық Еркебұлан Тапаев үшін қос мерекеге айналғалы қашан.
Сырым аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкері Еркебұлан Максимұлы 1982 жылы 25 қазанда Көздіғара елді мекенінде дүниеге келген.
11 жылдық мектепті аудан орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін мектептен тәмамдаған бозбала Еркебұлан әскерге аттанады. Жаркент қаласында жаяу әскер сапында Отан алдында борышын өтеп келіп, сол кездегі аудандық ішкі істер бөліміне сержант болып тағайындалады.
Қызметте жүріп, Орал қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алады.
«Адам екі таңдаудан қателеспеуі керек демекші, екеуінен де жаңылыспадым», –дейді кейіпкеріміз.
Еркебұлан Тапаев – қызмет пен отбасылық өмірді қатар ұштастырып, өз саласына жақын өмірлік жары Әлиямен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке.
- Республика күні мен үшін қос мереке. Бүгінгі таңда атқарып жүрген жұмысым өзіме бала кезден жақын десем болады. Балалық шағымда әскери адам болуды армандайтынмын. Сол кездегі бала қиял бүгінде мамандығымды мақтанышпен атқаруға үлкен күш беріп келе жатырғандай. Тіпті небәрі алты жасар қызым Айшаның өзі «Әке, өскесін мен де сіз секілді полицей боламын!» дегенде, бойымды ерекше сезім билейді. Ұрпақтарымыз да ұлтын сүйіп, адал еңбек ететін болса, біз үшін ол – үлкен абырой,– дейді Еркебұлан Тапаев.
Ел үшін пандемия жайлаған ескі жылдар бүгінде естелікке айналып бара жатыр. Олай дейтініміз, Еркебұлан мырза жұбайы, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әлия Өмірзаққызымен коронавирус өршіп тұрған уақытта Ақтөбе шекарасындағы блок-бекетте бірнеше мәрте тәуліктік кезекшілікте бірге тұрған.
Әрине, аудан халқы үшін шекара шебінде тұрып, бастын бәйгеге тіккен ерлі-зайыптының ұрпақтары ұлтын сүймеуі, ата-анасының еңбегін үлгі етпеуі мүмкін бе?!
Хош, енді аты жаман індет ана мен баланы айырып, әкені аңсатпасын. Еркебұлан Максимұлы жерлестерін күнтізбеге ресми түрде енген елдің мерекесімен шын жүректен құттықтап, қазақ халқына амандық тіледі.
Біз де қалтқысыз қызмет атқарып, көпке үлгі болып жүрген ағамызды аудан айнасының атынан қамал алар қырық жасы мен Республика күнінде қатар келетін қос мерекесімен құттықтадық!
Әңгімелескен Айжан Амангелдина.
Сырым ауданы
zhaikpress.kz