10 қараша күні өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Александр Цой Қазақстанда 22 қарашада ревакцинация шарасы басталатынын мәлімдеген болатын. Ревакцинация – бұл қайтадан вакцина егу. Ол екпеден соң пайда болған ағзаның иммун реакциясының күшін сақтау үшін салынады.
Ревакцинация екі кезеңнен тұрады. Осы шара жөнінде денсаулық сақтау министрі: «Елде алдымен тәуекел тобындағы адамдар вакцина салдырғанын ескерсек, бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады. Олардың бірінші вакцинаны қашан салдырғаны ескеріледі" деген болатын.
Екінші кезеңде, 2022 жылдың қаңтарынан бастап (вакцинаның толық курсын алғаннан кейін 6-9 ай өткен соң) қалған азаматтар ревакцинация жасата алады екен.
Теректі ауданында жалпы ересек адамдардың 63,2 пайызы, яғни 13 501 адам коронавирусқа қарсы екпе алған екен. Дегенмен жағдай әлі де тұрақты емес.
Аудандағы эпидемиологиялық жағдай туралы Теректі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықова: «Жыл басынан бері ауданымызда 1470 COVID-19 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 1271 жағдай симптомсыз. 199 адамда короновирус симптомдары анық байқалған және де 4 адамда ол пневмониямен қоса анықталған Коронавирусқа шалдыққан 1470 адамның 1392-сі жазылып шықты. 42 теректілік емделіп жатыр. Өкінішке орай, 36 адам осы індеттен қайтыс болды» деген мәлімет беріп отыр.
«Мысқылдап кірген ауру батпандап шығады» деген мақал текке айтылмаса керек. Демек, әлемді жайлаған індеттің бір күн ішінде жойылып кетуі мүмкін емес. Ол үшін жеке бастың сақтық шараларын орындап, екпе алған дұрыс. Сондықтан ревакцинация шарасын коронавирус дертін жою жолы деп қарайық.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz