Бәйтерек ауданы Рубежин ауылының тұрғындары ауыл көшесіне жиналып,«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылда жүргізіліп жатқан су құбырының құрылысына қатысты наразылық білдірді. Себебі мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен бөлінген 400 миллионннан астам қаражатқа салынатын жұмыстың тендерін ұтып алған алматылық «Көлсай строй» ЖШС құбыр өткізу үшін жобалау жұмыстарын бастап, қалған жұмысты атыраулық қосалқы мердігерге қалдырған. Бүгінде ауыл сәнін кетірген шұңқырларға мал құлап, кей тұрғындар көлігімен үйіне кіре алмайтын жағдайға жеткен. Осы жайт рубежиндік ағайынның ызасын туғызды.
Ауыл тұрғыны Батырғали Бегелдиев жұмысына жауапсыз қараған мердігер қазылған орындарды уақытша қоршамағандығын айтады.
-Ауылда көп жылдан бері тұрамын. Жасымыз келген соң жүріп-тұруымыз да қиындады. Ал қазылған шұңқырларды айналып өту тіптен қиямет. Кешкісін мектептен қайтқан балалар түсіп кете ме деп алаңдап отырамыз,-дейді ақсақал Батырғали Бегелдиев.
Бүтін бір ауылдың наразылығын тудырған жағдай орынсыз да емес, осы кезге дейін қазылған орынға құлаған бір азамат қатты жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қазір ол үйінде ем алуда.
-Мал түсті, бір трактор түсіп кете жаздады. Бірнеше күн бұрын бір ер азамат құлап, ауыр зақым алды. Үйім қазылған орынға жақын орналасқандықтан құлап кеткен адамның даусын естіп оны шұңқырдан алып шықтым,-дейді ауыл тұрғыны Анатолий Неведов.
Көшеге шығып, наразылық танытқан ауыл тұрғындарының негізгі талабы адам өміріне қауіп төндіретін арықтарды көміп, жаяу адам және автокөлік жүретін жолдарды тегістеп, қалпына келтіру болды.
Жұмыстың не себепті кешігіп және қазылған орындардың неге көмілмей жатқанын мердігер компания өкілі Мереке Зинуллин түсіндірді. Айтуынша, құбыр өткізілетін жерлердің жабылмауы қажетті жабдықтың уақтылы жеткізілмеуінен болып отыр екен.
-Ауа райының қолайсыздығына байланысты темірбетонды бұйымдарды уақтылы жеткізе алмадық. Басты қиындық темірбетонды бұйымдардың кеуіп болмау себебінен туындады. Қазіргі таңда қажетті жабдықтың алғашқы легін алдық.
Қазылған орындарды көму жұмыстары басталды. Арнайы зауыт тапсырымызды орындауға кірісті. Жақын күндері керекті жабдық толық келеді. Ай соңына дейін ауыл ішіндегі барлық шұңқыр көміледі,-деді мердігер компания өкілі Мереке Зинуллин.
Алаңдаулы тұрғындардың уәжін тыңдауға ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, тапсырыс беруші – аудандық сәулет және құрылыс, қала құрылысы бөлімінің басшысы Арман Жұмабеков, тапсырысты орындаушы мердігер компания өкілі Мереке Зинуллин, ауылдық округ әкімі Асылбек Кенжин, жергілікті қоғамдастық мүшелері Рафаель Амирханян, Александр Иманов, жергілікті учаскелік полиция қызметкері Махамбет Джангельдеев қатысты.
-Биыл басталған су құбырын жүргізу ауыспалы. Ай соңына дейін ауыл ішіндегі 10 шақырым құбыр салынатын шұңқырлар көміледі. Ал келер айда су сорғыш станциясы салынады. Жаз айларында нысан пайдаланылуға беріледі деген жоспар бар. Сол кезде тіршілік нәрі әр аулаға дейін жетеді,-дейді аудандық сәулет және құрылыс, қала құрылысы бөлімінің басшысы Арман Жұмабеков.
Ауылдық округ әкімі Асылбек Кенжин көше сәнін кетіріп, тұрғындарға қолайсыздық тудырған мәселе алдағы уақытта өз шешімін табатынын айтады.
-Мердігер бізден он күн мерзім сұрады. Осы уақыт ішінде қазылған жерлерді көму жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмыс қатаң бақылауымызда болады. Шұңқырлардың жай көмілуін ғана емес, айналасының тазартылуына да мән береміз,-деді ауылнай Асылбек Кенжин.
Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып, жүріп-тұруына кедергі болған арықтар ауылдың да сәнін кетірген. Айдан астам уақыт жатқан шұңқырлар ай соңына дейін бітеледі деген мердігер сөзіне сенбеске басқа амал жоқ. Жауапты мекемелер қадағалап тұрса болғаны.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz