Алғыс айту күніне орай Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта «Мәңгілік Ел - болашағы біртұтас ұлт» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында аудан әкімі Әділ Жоламанов жиналғандарды құттықтады.
- Алғыс айту күнінің мәні өте терең. Бұл - еліміздің ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты қолдау, репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ басқа жұртқа көрсеткен мейірімділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлердің жан-жақты әйгіленіп, қанаттануы. 20-дан астам ұлт өкілі мекендеген ауданымыздан да соның жарқын мысалын молынан табуға болады, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Кеш барысында аудан басшысы Әділ Жоламанов көпбалалы ана Әлия Қажмеденоваға «Күміс алқа» алқасын тапсырды. Сондай-ақ бір топ азаматқа Cемей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған медалі табыс етілді.
Шара мерекелік концертпен жалғасты.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН
zhaikpress.kz