Қыз қуған жігіт едің кеше ғана,
Алпысқа қалай келдің, Есен аға?
Батырға оңы-солы бірдей деген
Келерсің жүз жасқа да, Есен аға, – деп 60 жасқа толған мерейтойға арнап, О.Әубәкіров пен Ә.Бейсеуов «Ағаларым» әнін қан майданда да, бейбіт еңбекте де абыройлы болған әкем, Кеңес Одағының Батыры Есен Шегрейұлы Орақбаевқа арнаған еді...
Әрине, әкеміз 100 жасқа физиологиялық тұрғыда жетпесе де, істеген ісі мен өнегелі өмірі ел есінде бұдан да ұзақ уақытқа сақталатыны сөзсіз.
Әкеміздің туғанына биыл 100 жыл, арамыздан кеткеніне де 20 жылдың жүзі болыпты.
Әкем бұрынғы Чапаев ауданы «Алғабас» кеңшарының түлегі. Ол Орал педагогикалық училищесін бітірген сәтте соғыс басталып, өз еркімен әскерге аттанды. Ростов қаласындағы артеллирия училищесіндегі 7 айлық курстан соң, 610-шы полктің взвод командирі болып тағайындалды. Бұл полк генерал-майор Г.С.Жданович басқарған Қызыл тулы 203-ші дивизияның құрамында болып, Сталинград түбінде жауды талқандауға, Ворошиловград, Донецк, Одессаны азат етуге қатысты. Әкем басқарған взвод әсіресе Амосов станциясын дұшпаннан тазарту кезінде ерекше ерлік көрсетіп, өңіріне алғаш «Қызыл жұлдыз» ордені тағылған болатын.
Орыстың ұлы қолбасшысы Суворовтың ізімен Румыния шекарасынан өтіп, Альпіден асып, кескілескен ұрыстардан соң Венгрияға да жетеді.
1944 жылдың 7 қараша күні Е.Орақбаев басқарған взвод Тисса өзенінен түн жамылып өтуге бұйрық алады. Взвод құрамында 12 жауынгер, екі 45 миллиметрлік зеңбірекпен фашистерге қырғидай тиді. Жаудың бірнеше нүктесін тас-талқан етті. Ұрыс даласында жаудың жүзге жуық адамы жойылды.
Бұл жойқын шайқастағы Е.Орақбаевтың ерлігі жайында 203 атқыштар дивизиясын басқарған генерал-майор Г.С. Жданович өз естеліктерінде ілтипатпен жазған. Жауынгерлік тапсырманы абыроймен орындағаны, асқан ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Советі президиумының 1945 жылдың 25 наурызындағы жарлығымен Е.Ш.Орақбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Әкеміз Кеңестер Одағы Батырының «Алтын жұлдызын» 1945 жылы мамыр айында маршал Малиновскийдің қолынан Австрияның Вена тоғайында алды. Бұл жақтағы соғыс аяқталар шамада майдан Қиыр Шығысқа ауысты. И.М.Мангаровтың 53-ші армиясының құрамындағы Е.Орақбаев взводымен Шығысқа аттанды. Шығыстағы соғыс операциясы миллиондық Квантун армиясының талқандалуы мен 1945 жылдың қыркүйегінде аяқталды. 1946 жылдың күзінде елге жеңіспен оралған әкеміз соғыстан кейінгі елдің хал-ахуалын көтеруге барынша ат салысты, бірнеше аудандарда жауапты қызметтер атқарды. Әкеміз зейнет жасына дейінгі еңбек жолы 1968 жылы Жаңақала ауданы, Красногор совхозына директор болумен жалғасты.
Қандай істі де үлкен жауапкершілікпен істейтін әкем, осы елдің адамының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын көтеруге барлық күш жігерін жұмсады.
Красногор совхозы облыс көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың біріне айналып, республикалық, облыстық, аудандық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл тулармен бірнеше мәрте марапатталды. Ауыл көркейіп, ақшаңқан үйлер бой түзеді. Типтік жобадағы мектеп, мәдениет үйі, жатақхана, МТМ, асхана, қонақ үй, шаруашылық және азық-түлік дүкендері, кезекші дүкен, құрылыс бөлімі, автотұрақ, ауыл шаруашылық техникаларын сақтайтын алаң, жанар-жағармай сақтайтын орын, пошта, АТС, әкімшілік ғимараты, саябақ еңбеккерлер мен тұрғындар игілігіне пайдалануға берілуіне көп еңбектер сіңірді.
Бөлімшелерде бірнеше жүздеген бас ірі қара, мал бордақылайтын орын салғызып, 5 мың гектар жерге егін егіліп, және оған қажетті дала қостары тұрғызылды. Шаруашылыққа қажетті атомашиналар саны 70-80-ге дейін жетіп, жүздеген МТЗ, К-700, комбайн сияқты техникалар дала кемелеріне айналды.
Шаруашылықтың еңбек майталмандары пайда болды. Олар: шопандар Қ.Кенжеғалиев, Е.Молдашев, С.Хайруллин, жылқышылар И.Серғазиев, Б.Рамашов, малшылар М.Әбуов, Қ.Сейсенғазиев, Т.Жақашев, автожүргізушілер Е.Сейтқалиев, Ж.Шәріпқалиев, механизаторлар Е.Ақбалин, Қ.Рахметов, К.Қаполов, К.Темірғазиева, т.б.
Әкеміз әрбір істі шешерде мың ойланып, жүз толғанып асығыстық танытпайтын. Әсіресе кадрларды таңдау, оларды дәл орнына қою жағдайларына ерекше мән беретін. Нәтижесінде әкемізбен қызметтес болған, тәлім-тәрбие алған Ф.Қошқарбаев, Қ.Мусилов, Ж.Мұқанбетжанов, Қ.Рысқалиев, М.Иралин сияқты ағалар соңынан өздері шаруашылық басқарып, жоғары қызметтерге көтерілді. Жылқы тұқымын асылдандыру, олардың өсіп-өнуіне жағдай жасау, ұйымдастыру үшін Алматы, Ресей қалаларының ғылыми зерттеу институттарымен байланыс жасап, олардың теориясын пайдаланып, тәжірибе алмасу арқасында, совхоз Красногор жылқы зауыты болып құрылды және Республикадағы бірден-бір шаруашылыққа айналды. Ол кісінің тағы бір құнды еңбегі деп тұңғыш су каналдарын тартқызып, шабындыққа су шығарып, суландыру жүйесін дамытуын ерекше айтуға болады. Яғни «Республикаға еңбегі сіңген мелиоратор» болып, шаруашылықтағы мал азығын дайындауда өзіміздің аудан тұрмақ, басқа облыстың шаруашылықтарына көмектер бергізді.
Әкеміз еңбек еткен жылдарында «Қарақұдық», яғни 4-ші бөлімшеге бірнеше құрылыс нысандарын салғызды. Бізге: «Осы Қарақұдыққа әуежай салғызып, одан асыл тұқымды жылқыларды Лондон, Франция, Италия сияқты елдерге сатуға шығарамыз», - деуші еді. Әкем зейнетке шыққаннан кейін көп ұзамай Кеңес үкіметі ыдырап, ауылымыздағы шаруашылықтар тарап кетіп, өмір басқа арнаға бұрылды. Үнемі әңгімесінде: «Біз қырғыннан аман келдік, жанұялы болып, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз... Ана майдан даласында қаншама жанның арманы өшіп, шырағы сөніп, қыршыннан кеткен жастарды айтсаңшы»,- деп ауыр күрсініп, барға қанағат етуге, өмірге риза болу бағытында әңгіме айтатын. Әкеміз бір қарағанда қатал сияқты боп көрінгенімен жүрегі жұмсақ адам болатын. Көмек сұрап барған адамдардың шаруасын мейлінше шешуге, олардың жанын түсінуге тырысатын. Біз де соған сәйкес еркін өстік. Біздерге қатты ренжіп сөз айтқан, дауыс көтерген, шара қолданған жағдай кездескен емес. Бәріміздің де жоғары білім алып, адал еңбек етіп, таза жүруімізге жағдай жасады. Әкеміздің бұл тілегі біздің өмірлік темірқазығымыз болып келеді.
«Ер адамды төрге де, көрге де сүйрейтін әйел» демей ме атам қазақ. Әкемнің бейбіт өмірде жеткен жетістіктеріне Нағима анамыздың да үлесі мен еңбегі зор. Анамыз салмақты да, ақылды, өте парасатты, екі тілге бірдей мәдениетті жан еді. Екеуі бір-бірінің қабағынан түсінісетін, бақытты жандар болды. Әке шаңырағынан талай басшы да, қарапайым адам да дәм татып, рақметін айтып, «Батырдың үйінде болдым» - деп жүргендер ел арасында жетерлік. Соның бәріне де анамыз бір қабақ шытып, ренжіп көрген емес. Әкеміздің шаңырағы, қазақтың қара шаңырағы болды.
Әкем халық таныған ерлігін де, ерен еңбегін де ешкімге, ешқашан бұлдаған емес...
Гүлнар Орақбаева,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz