13.05.2021, 9:44
Оқылды: 1599

Садақаның сауабы мол

Садақа – сауабы еселініп қайтатын қайырлы іс. Бұл туралы Құран Кәрімде 200 жерде айтылған. Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек. Ол үш ерекшелік: мұқтаж жанға беру; Алла разылығы үшін берілуі; берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс. Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

 сс

Құранда «Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс. Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа», - деді (Бухари, Муслим риуаяты). Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.) делінген. Бір хадисте: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», - деп дұға етеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 27; Муслим, Зәкат 57). «Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) хадисіне сай «Садақаны саулығыңда бер» деген бабаларымыз бес күндік тіршілікте ажал келместен, басқа бәле келместен алдын садақа беруді үрдіске айналдырған.

Садақа алланың ашуын басады

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28) Әнәс (р.а.) былай деп жеткізеді: «Алланың Елшісі (с.а.у.): Алла жерді жаратқан соң жер сілкіне бастады. Осыдан кейін таулармен оны берік етті. Сосын жер қимылдамады. Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап: - Ей, Раббымыз! Таулардан да күшті бір зат жараттың ба? – деді. Алла: - Иә, темірді жараттым, - деді. Періштелер: - Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла Тағала: - Иә, отты жараттым, - деді. Періштелер: - Оттанда күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала: - Иә, суды жараттым, - деді. Періштелер: - Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұрады. Алла Тағала: - Иә, желді жараттым, - деді. Періштелер: - Желденде күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала: - Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен садақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса, ол одан да күшті) - деді.

Садақа апаттан, тозақтан сақтайды

«Алланың Елшісі (с.а.у.): Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды», - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жарты құрма болсада беріп оттан сақтаныңдар», - деді.

Садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге рұқсат. «Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» (2.Бақара-274). Осы аятқа сәйкес Хазіреті Али (р.а.) бірде 4 дирхам ақшасын садақа етуді ниет етеді. Негізінде одан басқа ақшасы да жоқ еді. Сол ақшасының 1 дирхамын түнде, 1 дирхамын күндіз, 1 дирхамын жасырын, 1 дирхамын ашық түрде садақа етіп береді. Оның бұлай істегенін естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неге бұлай істедің?» - деп сұрайды. Сонда Хз. Али (р.а.): «Раббымның уәде еткен сауабына қол жеткізе білу үшін», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ойлағаныңа қол жеткіздің», - деп сүйіншілейді.

Садақаның қайтарымы еселеп қайтады

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады. Бірде Әли хазірет көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті бармай отырған Фатима анамыздан  «Ей, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» - деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Анар жегім келеді», - деді. Әли хазірет ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Али оған жақындап: «Не қалайсыз?» - деп сұрайды. Ол адам да анар жегісі кеп тұрғанын айтады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сұраушыны бос қайтармаңдар», - деген сөзіне қарсы келмей, анарды әлгі қарияға береді. Әли анар оқиғасын айтып бергенде Фатима анамыз: «Уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», - дейді. Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Әлидің алдына қояды. Әли: «Бұны кім жіберді?» - деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пайғамбарына (с.а.у.) жіберген. Пайғамбар (с.а.у.) да саған жолдады», - деді. Әли табақтың бетін ашып қарағанда 9 анарды көреді. Сонда ол: «Ей, Салман. Бұл әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деген» дейді (6.Әнғам-160). Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табаққа салады: «Ей, Әли! Аллаға ант етейін анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», - дейді. (Мақасидут-Талибиин. 300-бет.

Садақа тек қаржымен шектелмейді сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде: «Әрбір жақсылық - садақа» (Тирмизи) «Жақсы сөз - садақа» (Ахмад б. Ханбал) «Күлімсіреген жүзбен сәлем беру - садақа» (Бәйхақи) «Дін бауырына күлімдеп сәлем беру - садақа» (Тирмизи) «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу - садақа» (Муслим) «Бауырына қарсы күлімсіреу  - бір садақа. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару да садақа. Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау садақа, өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құю да садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

Садақа берудің 10 пайдасы

Садақа берудің осы дүниедегі бес пайдасы: мал-дүниені тазартады; күнәларды өшіреді; «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи) «Садақа тәкаппарлықты жояды» (Тирмизи) ауру мен апаттан сақтайды «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты) «Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи). Мұқтаж жанды қуантады; ризықты арттырып, табысқа берекесін береді: «Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа) «Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады» (Муслим) Садақаның ақыреттегі бес пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи) Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар» Таразыда сауабы басым болады; Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ; Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

Мұсылман пенде қолғабыс жасау мен садақа беру барысында кейбір мәселеге көңіл бөлгені жөн: 1. Жақсылықты Алла разылығы үшін жасау. «Ал сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де ол өздерің үшін, тек оны Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер...», (2.Бақара-272). 2. Садақамызды алдымен жарлы адамнан бастаған жөн. Біреуден бірдеңе сұрауға ары жібермейтін қаншама тұрмысы нашар отбасылар бар. Осындай жанға жәрдем ету сауабы мол іс. 3. Іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды садақа ретінде беру дұрыс болмайды. Бұл жайында аятта былай делінген: «Әй, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден өндірген өнімнің жақсыларынан Алла үшін жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы», (2.Бақара-267). 4. Берген көмек пен садақаны міндетсінбеу. 5.Берген садақасын жарияламау. Садақаның жасырын берілуі адамды риядан сақтайды. Жасырын берілген садақа адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ.

Тақырыпты мына бір ғибратты оқиғамен аяқтағанды жөн көрдік.  Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады. Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді. Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан «Ей, Алла! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», - дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді. Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.

 

Дайындаған Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress

 

Материал ummet.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале