Соңғы уақытта аудан тұрғындары кез келген кәсіп түрін ашып, аудан дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бір бөлігі мемлекет тарапынан берілетін гранттарға, жобаларға және «Ауыл аманаты» бағдарламасына жүгінсе, енді бір бөлігі жиған қаражатының арқасында кәсібін дөңгелетіп әкетті. Ауыл жұртшылығының еңбексүйгіштігіне, тырмысқан әрекетіне қарап ішің жылиды.
Ақжайық ауылының тұрғыны Сағидолла Өтеғалиев осыдан бес-алты ай бұрын құс шаруашылығын қолға алды. Бұл кәсіпке бет бұрғанына көп болмаса да, жан-жақты зерттеп үлгерген. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3 мың бөдене алған.
Мұны естіген аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов, аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаров пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева құс шаруашылығына құлшынған кәсіп иесінің шаңырағына барды. Оларға есептік жүздесуден соң ауыл әкімі Болат Қадыралиев жол бастады.
Аудан басшысы Әлия Биғазықызы Сағидолла Ибатұлының бастамасына сүйсініп, сәттілік тіледі. Алдағы уақытта бұл кәсіпті өркендеткісі келсе, қолдауын аянып қалмасын жеткізді.
– Құс шаруашылығы туралы біраз іздендім. Әрине, бірден бастап кету оңай емес қой. Оның үстіне бұл бөдене көп күтімді қажет етеді. Қазір сәтін салып, үйреніп кетті. Жұмыртқаларын қалаға, «Алтын алмаға» апарып жүрмін, - деген Сағидолла Өтеғалиев өзінің жоспарларын айтты.
Ірі кәсіпорындарымен келісімшарт жасап, адам денсаулығына пайдалы бөдене жұмыртқасымен бүтін өңір халқын қамтығысы келетін арманы тағы бар. Ол осы тұста бөденені 10 мыңға көбейткісі келетінін жеткізді. Бұл ойын жүзеге асыру үшін арнайы жер алып, бөденелерге арналған орын салғысы келеді.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы