3.03.2021, 19:31
Оқылды: 57

Сайқында ардагерлерге құрмет көрсетілді

Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов және "Нарын шуағы" әйелдер қоғамдық кеңесінің мүшелері түрлі салада қызмет етіп, ауданның дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері Нәсіпқаным Базарғалиеваны мерейлі 75 жасымен, Мәрия Қыстаубаеваны 80 жасымен құттықтап, ақжарма лебіздерін жеткізді.

20210303_192913

Нәсіпқаным әжеміз ауданның медицина саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, хатшылықтан бастап қойма меңгерушісі т.б жауапты қызметтерді абыройлы атқарды.  Зейнетте болса да зейіні мықты әжеміз жыр-термелерді тебірене айтып, орыс  частушкаларын да нақышына келтіре шырқайды.

- Елдің ертеңі үшін уақытпен санаспастан еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қостыңыз. Өзіңіздей еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырларыңызды жастарға үлгі ету мақсат –мұратымыз, – деп тілегін арнаған округ әкімі мерейтой иесіне сый-сыяпатын табыс етті.

Ұзақ жылдар бойына түрлі салада маңдай терін төге еңбек еткен Мәрия әжей  сексеннің сеңгіріне шықса да қимылы - ширақ, санасы - сергек. Мерейлі жасын ескерусіз қалдырмай, ілтипат танытқан  қонақтарға игі тілегін арнады.

– Өзім Орда ауылының тумасымын. Сайқынға көшіп келгенімізге 17 жылға жуықтапты. Зейнеткерлікке шыққанға дейін хал-қадірімізше еңбектен қашпадық, кез келген істі дөңгелетіп әкетуші едік. Жақсы сөздеріңе, шын пейілдеріңе ризамын, – деді алғысын білдіре.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық кеңесінің мүшелері де «Қарттарын құрметтеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем қашан да. Аман-есен ортамызда жүргендеріңіздің өзі біздерге үлкен мәртебе, зор қуаныш» - деп тілектерін жеткізді.

Нұрай Таубай,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале