19.07.2021, 14:41
Оқылды: 68

Сайлаудан күтер үміт көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» делінген. Яғни ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Бәрімізге мәлім, 2021 жылы 25 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. Нақтырақ айтсақ, осы заңның толықтыру енгізілген 9-бабының 2-1 тармағында: «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау кезінде басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланды деп есептеледі» деп жазылған. Сондықтан да биылдан бастап әкімдерді енді халық тікелей сайлау арқылы сайлайтын болады. Әкімді халық сайлайтын болғандықтан, ұсынылған үміткерлердің барлығы сайлана бермейтіні белгілі. Мұнда халықтың ықыласы кімге ауса, сайлауда сол жеңіске жетеді.

14D2DCCE-CDC7-48E8-805C-1C01ECEFC1ED

Барлық өңірде 25 шілдеде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Ауылдық округтер әкімдері өкілеттік мерзімі (4 жыл) аяқталатын әкімдердің орнына сайланады. Қазіргі таңда әкім сайлау науқанына байланысты жер-жерлерде қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдар Қаресовтің айтуынша, аудан бойынша биыл бес ауылдық округте сайлау өткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, Жаңақазан, Жаңажол, Көпжасар, Бірлік, Жаңақала ауылдық округі. Оның ішінде әкімдерінің мерзімі аяқталған төрт ауылдық округінің сайлауы шілде айында өтеді. Жаңақала ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі күз айында бітетіндіктен сол кезде өтеді екен. Әкімдікке ұсынылатын кандидаттарды саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар немесе азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Өзін-өзі ұсынған кезде сол округтегі сайлаушылардың бір пайызының қолдауына ие болып, қол қою парағы арқылы сайлаушылардың қолдарын жинау керек болады. Сайлау барысында бір орынға кемінде екі үміткер болуы керек. Яғни балама болуы шарт. Егер бір ауылдық округ әкіміне ұсынылған кандидаттардың саны екіден кем болса, аудан әкімінің өзі әкімдікке кандидатын ұсынады. Сайлау өтетін төрт ауылдық округте 11 сайлау учаскесі жұмыс істемек. Барлық сайлау учаскесі тиісті дәрежеде өздеріне жүктелген қызметтерін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына сәйкес атқарады. Әрбір учаскелік сайлау комиссиясы төрағасынан, төраға орынбасарынан, хатшыларынан және мүшелерінен құралған. Барлық сайлау комиссияларының мүшелері аудандық мәслихатпен сайланып, бекітілген.

Осы орайда «Ауыл әкімі болуға кім лайық, оған қандай талап қойылуы тиіс?» деген сауал туындайтыны анық. Кандидаттарға қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңында қарастырылған. Ауыл әкімдігінен үміткер адамның жасы жиырма бестен төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ сайлау жөніндегі тиісті хабарламалар аудандық газетке және аудан әкімінің ресми сайтындағы «Сайлау» интернеттік парақшасына жариялануда. Осыған орай қазіргі таңдағы өзекті тақырып – сайлау науқанына байланысты аудан тұрғындарының да ой-пікірін білген едік.

WhatsApp Image 2021-07-19 at 14.42.37

Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Руслан Оразалиев әкім сайлауға байланысты өзінің көзқарасын ашық білдірді: «Президент ауыл әкімдерін халық сайлауы жөнінде Жарлыққа қол қойды. Ауыл әкімдерін халық сайлағаны өте дұрыс. Қолдаймын. Бірақ халық өздеріне берілген осындай мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, өз таңдауларын дұрыс жасауы қажет. Ауыл әкімі болып сайланған әкім халықтың арасында беделді, абыройлы азамат болғаны шарт. Қолында күш-жігері бар, халықпен тығыз қарым-қатынаста бола алатын, адаммен сөйлесу бағыты жақсы болуы әсте керек. Сондай-ақ әр ауыл әкімі туған жерін, ауылын көркейтіп, атсалысуы керек деп есептеймін. Халықтың бірлігін бекемдеп, әл-ауқатын көтеріп, мұң-мұқтажын тыңдай білуі керек. Адамдарға жалтақтамай, өзінің функционалдық міндеттерін адал атқаруы тиіс. Себебі әкімді халық сайлайды. Сондықтан халық олардан, әрине, нәтиже күтеді. Сонымен қатар әкімнің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көп идеяға бай, халықпен бірлесіп, өзінің ойлаған мақсаттарын соңына дейін жеткізіп, кез келген мәселелерді шеше алатын, адамгершілік қасиеті бар әкім болса деймін. Біз, яғни халық әкімді сайлар кезде сайлауға немқұрайлы қарамай, дұрыс таңдау жасағанымыз жөн. Өйткені өзіміздің ауылымызды көркейткіміз келсе, шын қалаған азаматқа дауыс беріп, сенім білдіргеніміз абзал. Әкімдер сайлауы өткеннен кейін, бұл әкім сайланбау керек еді деген бос әңгімелер қажет емес. Айтарым, бізге берілген мүмкіндікті пайдаланып, уақытында барып, өзіміз қалаған әкімге дауыс беріп, сайлап, оған қолдау білдіріп, сол әкіммен жұмыс жасауымыз керек деп есептеймін.

Қорыта айтқанда, олардың мақсаты – тек әкім боламын деп сайлауға қатысып, кабинетте отырып, жалақы алу емес, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін жұмыс істеу қажет. Жоғарыда айтып өткенімдей, менталитетімізді өзгертіп, әркім өз дауысын өзі қалаған әкімге бергені дұрыс. Сонда біз алға қарай дамимыз. Үйде отырып, ол әкім бізсіз де сайланады деген пікір қате», - дейді ол.

Ауыл әкімі – Президенттің жергілікті жердегі өкілі, саяси тұлға. Ол біріншіден, мемлекетшіл болуға міндетті. Екіншіден, ауыл басшысы рушылдық, жүзшілдіктен алыс болуы шарт. Ең бастысы, ауыл әкімдері жоғары жақтан гөрі, төменге көбірек қарап, халықтың қамын жейтін, адалдықтың ақ жібінен аттамағаны ләзім. Жаңа сайлау өз пайдасын тигізер деген сенім бар. Қалай болғанда да халықшыл, жаңашыл, ауыл тұрғындарының тілегін ескеретін азаматтар әкім болғай!

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале