7.07.2024, 10:00
Оқылды: 134

"Саламатты Қазақстан" Белесте

Бұрын хабарлағанымыздай, "Саламатты Қазақстан" пойызы Бәйтерек ауданына келген еді. 4-5 шілдеде Переметный станциясында болған пойыз кеше Белес ауылына келіп тоқтады.

IMG_20240706_200020_460

Пойызды БҚО әкімі аппаратының бас инспекторы, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Татьяна Рогозина, «Amanat» партиясы Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы, аудандық маслихат депутаты Бибігүл Ахметжанова, аудандық аурухананың бас дәрігері Тимур Мұсағалиев, Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова қарсы алды.

IMG_20240706_200008_217

- Елордамыздан шыққан "Саламатты Қазақстан" пойызы Астана күні Белес ауылына келіп жетті. Жалпы бұл жоба халық үшін үлкен қолдау. Екі күн ішінде ауыл тұрғындары дәрігерлерге тегін қаралып, анализ тапсырып, заңгерлік тұрғыдан кеңес алатынына біз де қуаныштымыз. "Саламатты Қазақстан" пойызы ұжымына шілденің аптап ыстығына қарамай қарапайым халыққа қызмет көрсетіп жатқандары үшін алғыс білдіремін, - деді пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада сөз алған Бибігүл Мендіғалиқызы.

IMG_20240706_195950_124

Заңгер-медиатр қызметін көрсететін СҚО заңгерлер палатасының мүшесі Айшат Уалиоллақызының сөзінше, халық заңгерлік көмекке бұрынғыға қарағанда көп жүгіне бастаған. «Кеше Переметныйда 100-ге тарта адам қабылдауымызға жазылды,-деді ол. - Басым көпшілігі қарыз өндіру мен алаяқтарға тап болғанын айтты. Мысалы, 2021 жылдан бері қарызын қайтара алмай жүрген Ж. есімді азаматша бізге жүгіну арқылы ақшасын өндіріп алды. Сондай-ақ алаяқтарға ұрынып 14 млн теңгесін ұрлатып алған азаматқа да тиісінше киберқылмысқа орай полицияға хабарласып, тиісті іс-шараларды жүргіздік. Сонымен қатар отбасылық мәселелер, яғни ажырасу, алимент өндіру туралы жиі сұралды. Еңбек дауы да назардан тыс қалған жоқ. Бізге жүгінгендердің телефон нөмірін жазып алып, алдағы уақытта олармен тұрақты байланыста боламыз».

Соңғы кезде медициналық көмектердің қатарында психологқа да жүгінетіндер көп. Аталмыш пойыздағы психолог Гүлчехра Сатыбалдиеваның сөзіне қарағанда, олар тұрғындардың психикалық денсаулығын жақсарту мақсатында психодиогностикалық, психокоррекциялық және алдын-алу іс-шараларын жүргізеді. Сонымен қатар когнитивті мінез-құлық психотерапиясы тәсілдерін де қолдана отырып, психологиялық қолдау көрсетеді. Науқас өзіне жүргізілген жеке бақылаудың нәтижесінде бойындағы психоэмоционалдық жағдайының позитивті өзгеруін көрген соң, кері байланысқа түседі.

IMG_20240706_195945_698

- Бірнеше жыл бойы тұрақты түрде ем-дом шараларын "Саламатты Қазақстан" пойызынан тегін алып келемін. Биыл тісімді жұлдыруға келдім. Жалпы мұндай пойыз біз сияқты қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді, - дейді Белес ауылының тұрғыны Қуат Молдашев.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале