17.04.2025, 10:00
Оқылды: 1330

Самал Қадерұлы – құрмет төрінде

Кеше Бисен ауылында ҚР Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры әрі режиссері, ҚР мәдениет саласының үздігі Самал Әбуовтың    «50 жас  - елге тағзым»   атты мерекелік  кеші  өтті. Бұл шараға аудан басшысы Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихаттың төрайымы Лариса Қайырғалиева, түрлі саланың басшылары мен Орал қаласынан арнайы келген меймандар, ауыл тұрғындары қатысты.

IMG-20250416-WA0123

Туған жеріне сағына жеткен талантты жерлесіміз әуелі өзі оқыған мектепке ат басын бұрып, бисендік өрендермен кездесті. Өскелең ұрпаққа өнегелі іс көрсетуді парызы санайтын ол өнер мен білімге ықылас танытқан жастарға ақылын айтып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Білім ошағындағы жылы жүздесу  ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Өнер әлемінде өзіндік дара орнын қалыптастырған Самал Қадерұлын жергілікті көркемөнерпаздар сән-салтанатымен қарсы алды. Қазақы дәстүрімізге сай  бауырсақ пен ақ ұсынылып,  шашу шашылды. Айта кетелік, мәдениет үйінің фойесінде «Дара тұлға» атты фотокөрме  де  ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар  киелі нарын топырағынан түлеп ұшқан  танымал жерлесіміз  жайлы көптеген мағлұмат алып, шығармашылығына қанық болды.  Киелі сахнаның төрінде орын тепкен ледэкраннан залға жиылған ағайын Самал Қадерұлы туралы бейнефильмді тамашалады. Бұдан соң көпшілік асыға күткен Сәкен  Жүнісовтың  «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы   қойылды. Театрда көрерменге көрінетін тек әртістер болғанымен сахнаның сыртында  қанша адамның еңбегі жатыр. Осы орайда  құрылғанына көп бола қоймаса да қалың көрерменнің көңілін жаулап үлгерген  «Бөкей» театрының  аудан көлемінде кең көлемде танылып, ел-жұрттың лайықты бағасын алуына Самал ағамыздың қосқан өлшеусіз еңбегін айтпасқа болмайды.

photo-output

– Туған жерді қастерлеу – қазақ халқының ата-бабадан жалғасқан салты. Осы қағиданы ұстанған әр адам алтын бесігін естен шғармай, мәңгі құрметтеп өтері анық. Бүгінде  киелі нарын жерінен  түлеп ұшқан  абзал азаматтарымыз әр салада еңбек етіп жүр. Ауыл-аудандағы  қалың ел оларға тілекші. Осы орайда еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген  өзіңізге айтарымыз алғыс қана.  Ауданымыздың мәртебесін арттырып, жақсы атын шығарып келесіз. Жырақтағы жерлестеріміздің жетістіктерімен әр кез мақтанып жүреміз, - деп ізгі тілегін білдірген аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы бөкейліктердің атынан шапан жауып, ат мінгізді.

IMG-20250416-WA0125

Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының басшысы   Нұржан Қадыржанұлы  салиқалы кештің өтуіне мұрындық болған аудан әкімдігіне ризашылығын жеткізіп, қоғамды жасампаздыққа үндейтін, елдігімізді нығайтар игі істер арта бергей деді. Санаулы күннен соң облыс орталығында Самал Әбуовтың шығармашылығына арналған  апталық өтетіні туралы да жұртшылықты хабардар етті.  Сондай-ақ, «Бөкей» театры мен  Бисен ауылдық мәдениет үйінің  ұжымына  облыстық мәдениет және тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  басшысы  Қ.Мұханғалиевтің  алғысхатын мен жеке өз атынан  «Бөкей» театрының әртістеріне  алғысхат табыс етті. Аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Тельманқызы да мерейтой иесіне ізгі лебізін арнады.

IMG-20250416-WA0117

Ағамыздың  өнер жолындағы ұстазы, мәдениет майталманы  Сайлау Қапиетұлы  мен құрбы-құрдастары да  сахнаға  көтеріліп, Самал Қадерұлының  бозбала шағы, алғашқы шығармашылық жолы төңірегінде сөз етті. Кеш иесінің  өзі де жүрек тебірентер естеліктерді ризашылықпен қабылдап, баладай аңғал мінезімен оларға қошемет көрсетіп отырды. Осылайша бірнеше сағатқа созылған салтанатты жиыннан  бисендік көрермен  керемет көңіл күйде тарқасты десек артық айтпағанымыз.

Әдемі де әсерлі  шара  «Бөкей» театры  әртістерінің  орындауындағы   «Өнер адамы»  әнімен түйінделді.

IMG-20250416-WA0121

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аудан басшысы елдің атынан сыйлы қонағымызға ат мінгізсе, кешке жиылған меймандардың алдында  мерейтой иесінің  құрдастары   өз аттарынан тұлпар мінгізіп және қуантты.

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале