Жәнібек ауданында басталған самбо күресінен 2010-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар арасындағы ашық аудандық біріншілік мәреге жетті.
26 келіде жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды Бексұлтан Сырым, Арсен Шакиев, Дінмұхамед Иса, Мұхамедәли Салахатдин, 29 келіде оралдық Санжар Жақсылық, жәнібектік Ерсұлтан Тілекқабыл, таулық Ахат Сайлау, жалпақталдық Арлан Қайыргелді иеленді. Ал 32 келі бойынша алтын жүлдені Жәнібек ауданының намысын қорғаған Жандарбек Жақсыбай қанжығасына байлады. Аталған салмақта ІІ, ІІІ орындарды Қамысты ауылының күресшісі Алмерек Абат, Жалпақтал ауылынан келген Қуаныш Асқаров пен Жәнібек ауданының атын асқақтатқан Мұрагер Салахатдин еншіледі. Сондай-ақ жарысқа қатысушылар 35, 38 келі салмақ дәрежелерінде белдесіп, І, ІІ, ІІІ орындармен жәнібектік Бек Нұрболат пен Сабыржан Нариман, оралдық Нұрхат Қайрат пен Дастан Жұмагерей, жалпақталдық Әділхан Қайыргелді мен Сәкен Айболат, жәнібектік Нұржас Ескендір мен Нұрәлі Биболат сүйіншіледі.
Доданың тартысты кезеңі 42 келіде күрескен жас палуандардың арасында болды. Нәтижесінде Дінмұхамед Серік пен Жансерік Асқар Жалпақтал ауылына алтын һәм қола жүлдені, Сырым Сайфетден Сайхын ауылына күміс жүлдені ала кетті. Салмақтың қола жүлдесін Сағындық Нұрышов місе тұтып, Жәнібек ауданына қалдырды. Келесі +42 келі салмақта жанын салған жас күресшілер бір-біріне оңайлықпен есе жібермеді. Самбо бәсекесі одан сайын қыза түсіп, І орынды Жәнібек ауданының абыройын асқақтатқан Нұрсұлтан Ғұбайдолла, ІІ орынды Жалпақтал ауылының сенімін ақтаған Нұртілек Нұрболат, ІІІ орынды жәнібектік Әмин Ғұбайдоллов пен мұратсайлық Санжар Рахим алды.
Жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль табысталып, жарыс демеушілері Жалғас Құспанғалиев пен Алтынбек Исаев ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz