16.02.2022, 16:10
Оқылды: 56

Сан керек емес, ұсыныс керек

Сырым аудандық мәдениет үйінде өткізілген Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевтің халық алдындағы есеп беру кездесу жиналысына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары қатысты.

IMG-20220216-WA0023

 

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан округ әкімі Мейрам Қайырғалиев округте атқарылған оңды істер мен халықтан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалуын баяндады.

- Өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер таныстырылып, аудандық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Яғни, округіміз бойынша негізгі іс-шаралар жоспарына 11 мәселе енгізілсе олардың бүгінге 6-уы орындалды.

Ал, орындалуды қажет ететін 5 мәселе күн тәртібінде жіті қадағалауда тұр.

Сондай-ақ ауданда ет, сүт өндіру орындары жоқ, соған баса көңіл бөлу керек. Ал, Жымпиты ауылдық округі бойынша тұрғын үй кезегінде 2020 жылы 197 адам тіркелсе, ол 2021 жылы 253 адамға көбейді. Сондықтан да аудан орталығында адамдарға жер телімін беруге, оны уақытылы пайдалана білуге де қатаң түрде қарай білген жөн.

Жергілікті жердегі демеуші азаматтардың қолдауларымен балалар ойын алаңдарын іске қосу, көшелерді электр шамдарымен жарықтандыруды үзіліссіз жүргізу, мектеп түлектерін жас көшеттерді отырғызуға жұмылдыруды назарда ұстау, Қарасу мөлтекауданына радио қондырғысын орнату, мал бағатын бақташыларды тұрақты түрде еңбекке тарту жағы да күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің бірі,-деді округ әкімі Мейрам Нұрмағамбетұлы.

Кездесу барысында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев, аудандық ветеринариялық стансасының директоры Армат Журалиев өз салалары бойынша тұрғындарды хабардар етіп, түсініктер берді.

Есептік кездесуде еңбек ардагерлері Қонысбек Өтеғалиев, Бірән Қажымов, Еркін Шүренов, Мәншүк Жумалиева, Мәдина Хасанова, Наурызғали Оспанов, Сағынғали Айтанов, Ғилаж Қаналиев жер асты құдықтарының ақаулығы салдарынан көшеге су жайылып кету оқиғасы болатындығы, ауыз судың сапасына мән беру, «Жымпиты-Орал» арасында қатынаған «Газель» көлігінің жүру кестесін қайта қолға алу, «Аңшылар қоғамы» қауымдастығын жандандыру, көшедегі бұралқы ит мәселесі, «Өлеңті» өзенінің тазалығы, электр шамының маңыздылығы арнайы орынға тасымалданатын қоқыстың бағасының қымбатшылығы, ауыл іргесіндегі зиратқа арнайы жол салу жәйі сияқты мәселелерді ортаға салды.

Ал, бұл айтылған мәселелерге тиісті сала басшылары тарапынан нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары Азамат Құдияровтың Сейфуллин мен Шоқанов көшелеріне су ағатын арық қазылса, әбден ескірген электр бағандары мен желілерін ауыстырса деген ұсынбасы немесе ұстаз Алмаз Абрахмановтың биылғы жылы 50 жылдың белесіне шыққалы отырған ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепке спорт алаңы салынса деген ұсынысы да орынды.

Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Ким Федянин «Сырым елі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы аудандағы бетке ұстарлық ақын атындағы мектеп жөнінде «Жымпитыға керек-ау жаңа мектеп!» атты орынды мақала жазғандығын, сондықтан да жаңа мектеп құрылысын бастауды республика деңгейінде көтеру қажеттігін ерекше салмақ түсіре айтты.

Сондай-ақ ол орталықтағы жаңа мешіттің іргесіндегі мұсылмандар зиратын қоршау, басты көшеге (ұзын жол бойына) ауданнан шықан белгілі тұлғалардың суреттерін бағандарға іліп қою жөніндегі құнды ұсынбасын ортаға салды.

Есептік кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев нақты-нақты мәселелерге тоқталды.

IMG-20220216-WA0024

- Әрине, ауданда мәселе жоқ емес, бар. Тек оны шеше білудің тиімді жолдарын қарастыра білуіміз керек. Әсіресе, электр жарығын берудегі түйткілді жәйттер жетерлік.

Бұл облыс бойынша күрделі мәселе. Бүгінде Батыс Қазақстан облысына жарық мәселесін шешуге қаражат, қуатты техникалар бөлінуде. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың ауданға арнаған сапарында да кейбір өзекті мәселелер айтылып, оның шешілу жолдары қарастырылды. Жалпы, біздерге сан керек емес, бастысы ұсыныстар керек,-деді аудан әкімі.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале