16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» мерекесі қарсаңында Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округі Қарақамыс ауылында жаңа әкімшілік ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы Сүйеуғалиев қатысып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынған, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындардың ыңғайлы, жедел қызмет алуына толық мүмкіндік береді. Ғимараттың құрылысы аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізілді.

Аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы Сүйеуғалиев жаңа ғимараттың ашылуы – өңіріміздің даму қарқынының, жүйелі жұмыстың және ел игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдардың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Келесі сөз кезегі Қарақамыс ауылының тұрғыны, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Меңдіғалиев Жаңабай Қапезұлына берілді. Ол да жаңа ғимараттың ашылуымен тұрғындарды құттықтады.
Жаңа әкімшілік ғимаратының кілті Саралжын ауылдық округінің әкімі Даулет Жұмабайұлына табысталды.

Лента қию рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы Сүйеуғалиев пен Қарақамыс ауылының тұрғыны, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Меңдіғалиев Жаңабай Қапезұлы жүргізді.

Ауылымызда жүргізіліп жатқан игі істі ұйымдастырып отырған аудан басшысына, осы ғимараттың құрылысын жүргізген «Беккарнаев» жеке кәсіпкерлігіне ризашылық білдірілді.

Б.Қойшекенов,
Қаратөбе ауданы